Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң күшіне енді. Қоғамның қызу талқысына түскен құжат жақынына жұдырық ала жүгіретіндердің жазасын қатаңдатуға бағытталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биыл тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 34 мың өтінім түскен. Полицейлердің сөзінше, бұл сан азайып келеді. Мәселен былтыр 5 айдың ішінде отбасындағы жанжалға байланысты 43 мың адам тәртіп сақшыларына хабарласқан. Кеше күшіне енген заң жанұясында жанжал шығарып, жұбайына жұдырық ала жүгіретіндерге тұсау қоюға бағытталған. Денсаулыққа қасақана зиян келтіргені үшін Әкімшілік кодекстегі 2 бап алынып тасталып, Қылмыстық кодекске енгізілді. Яғни, оның жазасы күшейтілетін болады.
– Атап айтсақ, 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған немесе 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Қазір бұл мөлшер 800 мың теңгеге жуықтайды. Сотқа ерекше талаптар аясында агрессорды үйінен уақытша қуу құқығы беріліп отыр. Сондай-ақ оны психологиялық көмек алуға мәжбүрлей алады. Мұндай істерде жәбірленушінің арыз беруі міндетті емес. Көрген кісінің куәлігі немесе суреті, видео дәлел болса жеткілікті, – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма басшысы Руслан Қаржаспеков.
Қатаңдатылған заң бойынша енді кісіні суицидке итермелеген адам 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал балаларға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсеткендер және өлтіргендер өмір бойына темір торға қамалады. Сонымен қатар балаларды ұрып-соққан жағдайда, тараптардың татуласуы да алынып тасталды. Бұрын осындай істердің 30 пайызы жәбірленушінің кешірімімен жабылып келген. Мектепте бұзақылықты көрген мұғалім болған жағдайды құқық қорғау органдарына хабарлауға міндетті. Сенатор Амангелді Толамисов заң тек жазалауды көздемейді, құжатта отбасын сақтап қалуға да басымдық берілгенін атап өтті.
– Отбасылық зорлық-зомбылықты алдын алуға байланысты зардап шеккен азаматтарды заңды, психологиялық, моральдық, әлеуметтік жағынан қолдау үшін отбасылық орталықтар барлық өңірде ашылады. Қазір дағдарыс орталықтары жұмыс істеп жатыр, – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Амангелді Толамисов.
Сондай-ақ заң аясында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы арнайы құрылым жасақталып жатыр. Ол Ішкі істер министрлігіне қарасты болады. Айтпақшы енді өмірлік қиын жағдайға тап болған адам «111» нөміріне хабарласа алады. Бұл шұғыл нөмір қатарына енгізілген. Яғни, мобильді байланыс жоқ жерде де қоңырау шалып, көмек алуына мүмкіндік бар.
Әйел адам құқығы, бала қауіпсіздігі мен отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі биыл ғана емес, әлемде 2017 жылдан бері көтеріліп келеді. Заңды Біріккен Араб Әмірліктері, Мысыр, Конго, Морокко және Моңғолия елдері қабылдады. Ал Қазақстанда Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып сайланғаннан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңды қатаңдату мәселесі Жолдау сайын айтылып келген. Барша адамның құқығын қорғайтын құжат қабылданды.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Күйеуі пышақтап кеткен Салтанат ауыр халде жатыр