Қарағандыда азық-түлік дүкенін су басып қалды

Almaty.tv
Almaty.tv
Биліктегілерден қолдау күткен кәсіпкерлер шағым жазуға ниетті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қарағанды билігі еріген қар суына тойтарыс бере алмай жатыр. Көше жолдарын басқан су кәсіпкерлік субъектілеріне зақым келтірген. Ал әкімдік әзірге үнсіз, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қарағанды көшелерінде түсірілген бұл бейнежазба кеше кешкілік қала билігін аяқтан тік тұрғызды. Жолдарды басқан топан су адам мен көлік қозғалысына айтарлықтай қиындық туғызған. Ал бұған дейін маусымдық мәселеге дайындық талай рет пысықталса да, атқарылды деген жұмыс апаттың алдын алмаған.

Қарағандыда су басу салдарынан көше жолдары ғана емес, кәсіпкерлер де зардап шегуде. Соның бірі Амангелді есімді азамат. Мұнда топан судың 50-60 см биіктікке көтерілген. Салдарынан 10-ға жуық мұздатқышы істен шыққан. 13 миллион теңгеге жөндеу жүргізген жұмысы да желге ұшып отыр. Күні кеше ғана іші тұтынушыға толы азық-түлік дүкенінің жұмысы әп-сәтте тұралап қалды. Сауда орнын басқан қарғын суды соруға арнайы техника өткен түні жұмылдырылған. Мамандар жағдайды қалыпқа келтірдік дегенмен, қыруар еңбекпен іске қосылған дүкенде азық-түлік бұзыла бастады.  

– Шығынды айта алмаймын. Электр сымдарын жөндеу керек. Жұмыстың қашан қайта басталары да белгісіз, – деді дүкен иесі Амангелді Тоқжұманов.  

Едені опырылып, қабырғаларына сасық судың иісі сіңіп кеткен кәсіпкерлік субектілердің ішінде кино залы, гүл сату, шаштараз секілді шағын кәсіп көздері де бар. Әкімдік қолдау көрсетпесе, кей іскер азаматтар банкрот болудың аз-ақ алдында тұр. Қыруар қаржыға жабдық алған жандар мен нысанды несиеге сатып алғандар қарызға әбден батқан.

– 90 миллион теңгеге осы жерді сатып алдық. Айына 2 миллион теңге несие төлейміз. Су басып, техника істен шықты, – деді қала тұрғыны Гүлім Қайрат.  

– Масқара ғой, ламинаттың бәрі көтеріліп кеткен. Қайта жөндеу керек, – деді қала тұрғыны Ардақ Мизембаев.  

Ел арызын әкімдікке жеткіздік. Жергілікті атқарушы орган арнайы комиссия құрылатынын айтты.

Шынымен шығынға ұшырап жатса, төлейміз. Комиссия құрамыз. Нақты фактіні анықтап, шығын өтеледі, – деді қала әкімінің орынбасары Рүстем Қожақапанов.

Биліктегілерден қолдау күткен кәсіпкерлер шағым жазуға ниетті. Әзірге олар сыз басқан нысандардың ішін тазалап, еденді кептірумен әлек.

Мақсат Бейсенаев, Айнұр Бексұлтанқызы, «Алматы» телеарнасы, Қарағандыдан

Оқи отырыңыз: Қарғын су: Қояндыдағы тұрғындар далада қонуға мәжбүр

Новости партнеров