|
22.04.2024 | 19:51
340

Таза Қазақстан: Ұлытау облысында 270 тонна қоқыс шығарылды

Сенбілікке 11 мың 848 азамат пен 192 арнайы техника жұмылдырылды

Таза Қазақстан: Ұлытау облысында 270 тонна қоқыс шығарылды Almaty.tv

Елімізде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы жалғасып жатыр. «Киелі мекен» апталығы атауымен өткен сенбілікке Ұлытау облысының 450-ге жуық ұжым атсалысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Еліміздің әр өңіріндегі азаматтар «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында сенбілікке шығып жатыр. Жезқазғандықтар да тазалық жұмыстарын жұмыла атқарып, игі іс-шарадан қалыс қалмады. Қала әкімі аймақ тұрғындарын науқан аясында белсенділік танытуға шақырды.

– Акция 6 сәуірден бастап Жезқазған қаласында жалғасын тауып келеді. Он мыңға жуық халық сенбілікке қатысып жатыр. Тазалық жұмысына 130 техника жұмылдырылды. Кейбір кәсіпорындар жұмыстың көптігіне байланысты сәрсенбі, бейсенбі, жұмада сенбілік жұмыстарын қолға алып жатыр. Қазақстанның барлық тұрғынын тазалық жұмысына белсене атсалысуға шақырамын, – деді Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов.  

Көпқабатты үйдің тұрғындары да шет қалмады, сенбілікте ауласын жинап, ретке  келтірді. Тазалық іс-шарасына 180 ұжым қатысқан.

– «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Жезқазған қалалық сенбілігіне белсенді атсалысып жатырмыз. Ғарышкерлер, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі сенбілік өткізуде. Ағаштарды әктеу, қоқыстарды жинау оларды шығару және жаяу жүргіншілер жолағын сыпыру сынды жұмыстарды жүргізіп жатыр, – деді Жезқазған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұрбол Садықов.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Ұлытау облысында да жалғасып жатыр. «Киелі мекен» апталығы аясында мәдени орындармен тарихи ескерткіштер алаңдары абаттандырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасатын болады. Келер аптада көшет отырғызу жұмысы қолға алынбақ.

Ал Ұлытау облысы бойынша өткен сенбілікке 11 мың 848 азамат пен 192 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде рұқсат етілмеген 65 полигон жойылып, қатты қалдықтарға арналған 10 контейнер орнатылған. Одан бөлек, 1382 ағаштың қураған бұтақтары кесілді.

Айта кетейік, «Киелі мекен» апталығының облыстық сенбілігінде Ұлытау облысынан 270 тонна қоқыс шығарылды.

Алтынгүл Төлегенова, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Таза Қазақстан: Алматыда 300 түп алма ағашының көшеті отырғызылды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир