Көпбалалы аналардың дауы: Атырау облысында құрылысы аяқталған тұрғын үй қолдануға жарамсыз

Almaty.tv
Almaty.tv
Себебі жергілікті әкімдік нысаннан кемшілік анықтап, мердігердің жұмысына қатысты сотқа талап-арыз жолдаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырау облысына қарасты Құлсары қаласында құрылысы аяқталған 3 тұрғын үй халыққа берілмей тұр. Себебі жергілікті әкімдік нысаннан кемшілік анықтап, мердігердің жұмысына қатысты сотқа талап-арыз жолдаған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Онсыз да бірнеше жыл бойы баспанаға қол жеткізе алмай жүрген көпбалалы аналар тағы қанша күтеміз деп наразылыққа шықты. Пәтерден пәтерге сабылудан шаршадық деген олар уәде етілген үй тезірек берілсін деген талап қойып отыр.

Моноқаладағы 5 қабатты үйлердің басым бөлігі әлеуметтік осал топқа жататын тұрғындарға берілмек. Құрылысы аяқталғанымен қолдануға жарамсыз баспаналардың ендігі жайы не болары белгісіз. Бұған наразы болған көпбалалы аналар шу шығарды.

«2022 жылдың желтоқсанынан бастап «келесі айда беріледі» деп айтып келеді. Бітіп тұрған үй, неге берілмеске? Бізге не берілетінін, болмаса, берілмейтінін айтсын», – дейді көпбалалы ана Гүлназ Қашабаева..

«Қайда барып шағымдансақ та, айтатындары бір сөз. Қара халық қайда барады? Салынған үйімізге кіре алмай жүрміз. Бізге ешкім мән-жайды түсіндірер емес», – дейді көпбалалы ана Гүлбағда Әбдина.

Әрқайсысы 100 пәтерден тұратын 3 тұрғын үйдің құрылысы 2019 жылы басталған. Елдегі пандемия мен жобаға енгізілген түзетулер салдарынан мерзімі ұзартылыпты. Ал тексеріс кезінде шенділер нысаннан кемшілік анықтап, мердігерді сотқа беріпті.

«Мердігерлер мекемені мерзімінде аяқтамағанына байланысты экономикалық сотқа жосықсыз қатынасушы деп тану және тұрақсыздық айыбын өндіру туралы талап-арыз жолданды. Салынған резервуар опырылып, 4-і де пайдаға аспайды, қайта қалпына келтіру керек. Одан кейін асфальт бойынша кейбір кемшіліктері де бар. Барлығын қалпына келтіру бойынша тапсырма берілді. Бірақ нәтиже жоқ», – дейді Жылыой аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы Дархан Сәдуов.

Бұл жобаға бюджеттен 8 млрд 300 млн теңге қаржы бөлінген. Құрылысты жүргізген компания өкілдері бізден кеткен кемшілік жоқ дейді. Ал енгізілген түзетулер бойынша қазандықтарды тамыз айына дейін аяқтаймыз деп сендірді.

«Үйлер дайын. Су, газ, электр желілері қосылған. Қосымша су қоймасын тамызға дейін аяқтаймыз. Тапсырыс беруші баспананы сол су қоймасы үшін қабылдамай отыр. Негізі, екеуі – екі бөлек жоба. Тағы бір айта кететіні, әкімдік сыртқы жүйелерді бізден қабылдамай тұрып, 3-тарапқа заңсыз қолданысқа беріп отыр. Өз талаптарымызды айтып, тапсырыс берушіні біз де сотқа бердік», – дейді мердігер компанияның жоба үйлестірушісі Әмірғали Сисенов.

Күте-күте шаршаған көпбалалы аналардың қоныс тойын қашан тойлайтыны белгісіз. Жергілікті әкімдік бөлінген қаржыдан қалған сомаға өзге мердігерді тауып, жұмысты аяқтамақ. Оның да қай уақытта тапсырылатыны беймәлім. 

Жұлдыз Қайратқызы, Фархад Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қазақстандағы жылу электр стансаларына қатысты техникалық аудит аяқталды

Новости партнеров