Кім кінәлі: Ұлытау облысында мектеп оқушысы шұңқырға құлап кетті

Almaty.tv
Almaty.tv
Мектеп басшылығы жағдайға аудандық әкімдікті кінәлайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұлытау облысында 8 жастағы мектеп оқушысы шұңқырға құлап кетті. Ал білім ордасының ауласында қазылған жердің қайта жабылмауына қос мекеме бір-бірін кінәлап әлек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мектеп оқушысы 29 ақпанда сабақтан үйге қайтып бара жатып, ашық тұрған шұңқырға құлап кеткен. Кейіннен анықталғандай, ол ойық күз кезінде қазылған. Уақытында беті жабылмаған өзекті қар басып қалады. Әрі шұңқыр маңы қоршауға алынбаған, тіпті оқушыларға ескерту де жасалмапты. Ал бейқам жүріп, аяқ астындағы апатты байқамаған қыздың анасы өлім аузында қалған баланың жағдайын сұрауға ешкім жарамады деп наразы.

– Оқиғадан кейін баламда тахикардия пайда болды. Мен сабақтан алып кетуге келе жатқанда алдымнан «Айзере суға батып жатыр» деп екі бала жүгіріп шықты. Жүгіріп барсам, алғашқы көмек көрсетіліп жатыр екен. Айзере судың үстінде жатыр, – дейді Ұлытау ауданының тұрғыны Айзада

Мектеп басшысының айтуынша, білім ордасының құбырлары істен шығып, сусыз қалған. Сәйкесінше, жөндеу бір емес, екі рет жүргізіліп, соңғы рет қазылған шұңқыр жабылмай қалған. «Бізде кінә жоқ» деп жауаптан басын ала қашқан мектеп басшылығы жағдайға аудандық әкімдікті кінәлайды.

– Дәретхана иісі мектепті алып кеткендіктен, Білім бөлімінің басшысы Бағдат Қабденұлына және Ұлытау ауданының әкімі Аманжол Батырбекұлына хат жолдадық. Бірнеше адамды жіберді, жағдайға көз жеткізіп, қазу жұмыстарын жүргізді. Құбырларды жалғады, алайда шұңқырды жапқан жоқ, – деді Ұлытау ауданы №1 тірек мектебінің директоры Жанар Төлегенова.

Аудан әкімдігіне аталған мәселені айтып хабарласқан едік, әкім орынбасары шұңқырды жабу тікелей мектеп әкімшілігінің жауапкершілігінде дегеннен әрі аспады. Жергілікті билік өкілі «қазіргі таңда тергеу амалдары жүріп жатыр, шешімге сай кінәлі тарап анықталады» деп мәселені жылы жапты.

– Зардап шеккен баланың әкесімен сөйлескенбіз. Ол кісі «ешқандай жәрдем керек емес» деген. Бала тиісті ем-домын алып үйге шығарылды. Топырақтың қатып қалуына байланысты күл салып, үстінен бір тонна топырақ төгіп, корттың есігін жауып, лентасын тартып қойдық. Қазіргі уақытта арыз түскен, тергеу амалдары жүріп жатыр, – деді Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Аян Абжамалов.

Айта кетейік, бұған дейін 5 күн бойы аудандық ауруханада ем алған Айзерені анасы Қарағанды облысына алып кетті. Себебі оқушының денсаулығын тексеруден қайта өткізу керек.

Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысынан

Оқи отырыңыз: Желге ұшқан ақша: Байзақ ауданы тұрғындары ауыз суға жарымай отыр

Новости партнеров