Арнамызға бес баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған Мақпал Ұнайбаева хабарласып, соңғы үш айда атаулы әлеуметтік көмекті ала алмай жатқанын жеткізді. Алматы облысы Талғар ауданының тұрғыны атаулы көмектің не себептен төленбей жатқанын білу үшін жауапты мекемелерге де барыпты, бірақ ешкім мардымды жауап бермеген. Тіпті, соңғы айдың ақшасын мүлдем алмайсың деп шығарып салған көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Көпбалалы ана Мақпал Ұнайбаева Алматы облысындағы Талдыбұлақ елді мекенінде жалдамалы үйде тұрады. Жалғыз өзі 5 баланы тәрбиелеп отыр. Бірнеше апта бұрын денсаулығына байланысты жұмысқа шыға алмай қалған. Отбасыдағы негізгі кіріс көзі - әлеуметтік көмек. Оны да 3 айдан бері ала алмай келеді. Мақпал осы жылдың сәуірі мен қыркүйегіне дейін ай сайын тұрақты 112 мың теңге алып келген. Ол да болса көпбалалы отбасы үшін едәуір көмек. Енді жалғызбасты ана тіпті, азық-түлік пен көмір алатын ақшам да қалмай барады дейді.
«Мен кеше Талғар аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне бардым. Ондағылардың айтқаны мен қазан айына құжат тапсырмаппын. Сол үшін 112 мың теңге төленбейді екен. Тек, қараша мен желтоқсан айларына ғана беріледі дейді. Оның үстіне құжаттарым әлі келмеген. Ол да төленуі төленбеуі белгісіз», - деді көпбалалы ана Мақпал ҰНАЙБАЕВА.
Қандай құжат тапсыру керектігін Мақпалға осы уақытқа дейін ешкім айтпаған көрінеді. Айтуынша, сәуір айында келісім бойынша жыл соңына дейін қосымша ешқандай құжат өткізілмейді депті құзырлы мекемедегілер. Көп балалы ананың айтқандарына көз жеткізу үшін Талғар қаласы жұмыспен қамту орталығы және әлеметтік бағдарламалар бөліміне ат басын бұрдық. Алайда, біздің түсірілім тобын көрген олар кабинетке жасырынып қалмақшы болды.
Аталған орталыққа Мақпалдан бөлек осы мәселемен келген азаматтардың көндіруінен кейін ғана қамалып отырған мамандардың ел алдына шығып жауап бермеске амалдары қалмады.
«Менің жәрдемақым қараша мен желтоқсанға түспеді. Ешқандай жер жауап бермейді. Түседі дейді. Кешеде әкімдікке бардым. Өзіңнің өткізген жеріңе бар деді өткіздім. Ешқандай жауап жоқ», - деді көпбалалы ана Мақпал ҰНАЙБАЕВА.
«Біз 25 қарашада шешім шығардық. Енді сізге тек соңғы екі айдың ақшасы түседі. Иә, кеше бізде база істен шықты. Бірақ, біз қазан айына төлей алмаймыз. Ол айға сізге қатысты ешқандай ақпарат жоқ. Сондықтан төленбейді. Құжат өткізу туралы аудандық әкімдіктегілер хабардар ету керек болатын», - деді Алматы облысы Талғар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Диана ӨТЕНОВА.
Ең сорақы көрініс Белбұлақ аудандық округінің әкімдігінде орын алды. Белгісіз әйел түсіруге рұқсат жоқ деп тіпті қол жұмсауға дейін барған.
Әкімдікте орын алған шудан кейін маманмен тілдесуге мүмкіндік болды.
«Қазан айына жауап бере алмаймын. Ақшаны төлейтін біз емес қой. Бұл кісі құжатын қазанның аяғында келді. Ақшаны 20 дейін есептейді. 20-сынан кейін ақшаны бөледі», - деді Белбұлақ аудандық округі әкімдігінің маманы Лиза ХАСЕНОВА.
Осылай әкімдіктегі маман біз жауапты емеспіз деп қысқа қайырды. Бірақ аталған аудандық округтен қайтқанымызда Мақпал біздің арнаға хабарласып жергілікті әкімдік барлық жағынан көмек көрсетеміз, одан бөлек азық-түлікпен және көмірмен қамтамасыз етеміз деп уәде беріпті.
Арнат Дүйсен, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарансы