Ұстаздар қауымының дәстүрлі жиынында білім саласының болашағына қатысты бірқатар маңызды бағыт айқындалды
Жаңа оқу жылынан бастап ел мектептеріндегі білім беру бағдарламасы жаңа мазмұнмен толығады. Оқу үдерісіне «Конституция негіздері» мен «Заң мен тәртіп» курстары енгізілмек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі Тамыз конференциясында мәлімдеді. Сонымен қатар жиында 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіде тіркелуіне шектеу қоюды көздейтін заң жобасы әзірленгенін атап өтті. Мемлекет басшысы бұл мәселені жаңадан құрылған Құрылтайдың алғашқы сессиясында депутаттардың қарауына ұсынатынын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Биыл білім беру бағдарламасы жаңа мазмұнмен толығып, оқушыларға «Конституция негіздері» мен «Заң мен тәртіп» курстары оқытылмақ. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздар бас қосқан тамыз жиынында айтты. Сондай-ақ Президент заңды құрметтеп, Ата заңды ардақтайтын ұрпақ қана мол мүмкіндікке қол жеткізе алатынын атап өтті. Ал алматылық тәжірибелі мұғалімдер «құқықтық сауат білім ошағында қалыптасуы керек» дейді.
«Мектептегі бала қандай мемлекетте өмір сүріп жатқанын, негізгі заңы «Ата заң» екенін білумен қатар, қандай мемлекеттік құрылымда өмір сүріп жатқанын түсіну керек. Біздерді кім басқарады? Заңды кім шығарады? Кімдер жұмыс жасап жүр? Қандай органдар бар? Басқару құрлымын, барлығын жан – жақты түсіну керек. Ол қарапайым тілде сол жерде баяндалып берілген. Бағдарламасы жақсы, менің көңілімнен шықты. Міндетті курстарды балаларға оқытуда жоғарғы нәтижеге жетеді деген ойдамын», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Гүлмира Асанбекова.
Сонымен қатар ұстаздар бас қосқан жиында Мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың психологиялық саулығына алаңдаушылық білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұған ғаламтордың ықпалы зор екенін айтып, 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіде тіркелуіне шектеу қоятын заң жобасы әзірленгенін мәлімдеді. Президент бұл бастаманы жаңадан құрылған Құрылтайдың алғашқы сессиясында қарастыруды ұсынбақ.
«Елімізде 7 миллионға жуық бала бар. Жастармен қоса есептегенде олардың үлесі халық санының жартысына жуықтайды. Еліміздің келешегі жарқын болсын десек, ең алдымен, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Жастардың бойына отаншылдық, білімпаздық, еңбекқорлық құндылықтарын сіңіруіміз қажет. Әйтпесе, салынған мектептерден, білім саласындағы инновациялық шешімдерден еш нәтиже болмасы анық», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ал Қазақстанның тұңғыш Еңбек ері Аягүл Төреқызы мұндай қадам жастардың қауіпсіз ортада қалыптасуына сеп болады деп есептейді.
«Иә, шектеу қою керек. Бәріміздің көріп жатқан дүниеміз бір дүние және басым бөліңі келеңсіз дүние. Қай кезде де келеңсіздік адамның санасын тез жаулап алады. Сондықтан он азырақ айтып, қол жеткізген жақсылықты көре біліп, алға қарай жылжығанымыз дұрыс», – деді ҚР Еңбек ері Аягүл Миразова.
Ел педагогтерінің басын қосқан Тамыз конференциясында Мемлекет басшысы өңірлер арасында білім сапасындағы алшақтықты азайтып, қала мен ауыл баласына бірдей мүмкіндік жасау қажет екеніне назар аударды.
«Тамыз конференциясында көтерілген мәселелердің барлығы – Қазақстанның болашағы үшін өте өзекті. Соның ішінде ерекше назар аудартқаны жайт – аймақтар арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту. Сондықтан білім сапасын арттырумен қатар оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға да ерекше назар аударылуы қажет деп ойлаймын. Яғни оқушылардың күнделікті алған білімін өмірде қолдана алуы, шешім шығара алуы, сонымен қатар ойын негіздей алуы маңызды», – деді № 216 Келешек мектебінің математика пәні мұғалімі Салтанат Есхожаева.
Ұстаздар қауымының дәстүрлі жиынында білім саласының болашағына қатысты бірқатар маңызды бағыт айқындалды. Соның бірі – мектеп қабырғасында сапалы біліммен бірге саналы тәрбие беру. Сонымен қатар жасанды интеллект мүмкіндіктерін оқу үдерісіне біртіндеп енгізу. Яғни ендігі міндет – технологияны игерген, ұлттық құндылықты бойына сіңірген білімді ұрпақ тәрбиелеу.
Мәди Мәлік. Рашиддин Якупов
Оқи отырыңыз: Рутиналық жұмыс 70 пайыз қысқарады: ұстаздар жасанды интеллекттің пайдасын айтты