Кітап оқитын ұлт: жас жеткіншектерді оқуға қалай баулуға болады

Оқырман мәдениетін қалыптастыру бүгінде мемлекеттік деңгейдегі маңызды міндетке айналды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Кітап оқитын ұлт қалыптастыру – Мемлекет басшысы бекіткен маңызды бағыттардың бірі. Оқырман мәдениетін қалыптастыру бүгінде мемлекеттік деңгейдегі маңызды міндетке айналды.

Almaty.tv тілшісі жылдар бойы журналистикада еңбек етіп, кейін балалар әдебиетіне ден қойған Асқар Ағатаевпен тілдесті.

Он бес жылдан астам спорт журналистикасында еңбек еткен Асқар Ағатаев бүгінде балалар әдебиетіне ден қойған. Екі жылда 12 кітап жазған автордың негізгі тақырыбы да – спорт. Ол осы бағыттағы бар білгенін жас оқырманға жеткізуді көздепті. Яғни жас өрендерді спортқа баулып қана қоймай, салауатты өмір салтын қалыптастыруға өз үлесін қосуды жөн санаған.

«Кітаптарды жазуға не итермеледі?. Қазіргі таңда шыны керек, кітап дүкендерінің сөрелерінде, әртүрлі кітап бар, бірақ спорт тақырыбында және мамандық туралы кітап жоқ. Бар болса да, ол жаңағы шетелдікі. Ол дұрыс емес деп ойлаймын. Өйткені, біздің мәдениетіміз, спортшыларымыз бар, оларды насихаттау керек, балалар білу керек. Сондықтан осындай шешімге келдім», – деді балалар кітабының авторы Асқар Ағатаев.

Асқар Ағатаев спортты жас оқырманға балалардың тілімен түсіндіреді. Кітап кейіпкерлерінің бірі спортпен айналысса, екіншісі қызығушылық танытып, сауал қояды. Осылайша қарапайым әңгіме арқылы жеткіншек спорттың түрлері мен ережесін, ел чемпиондарын танып-біледі.

Автор «сурет пен мәтінді ұштастырған, комикске ұқсас жеңіл форматтың мақсаты – баланы жалықтырмай, кітапқа тарту» дейді. Биылдан бастап тақырып аясын кеңейтіп, жұмысшы мамандықтарға да қалам тербеп жүр.

«Кітап оқу мәдениеті, кітап шығару мәдениеті – ғасырлар бойы қалыптасқан дүние. Яғни ол қанша жылдан бері келе жатыр, әлі жойылған жоқ. «Кітапты ешкім оқымайды, керек емес дүние. Ол жойылып кетеді» деген пікір айтылады. Жоқ, ол жойылмайды. Ол бар, болады, керек. Өйткені балалар кітап оқу арқылы білімін жетілдіріп, көзі ашылады», – деді балалар кітабының авторы Асқар Ағатаев.

Автор Мемлекет басшысы көтерген «Кітап оқитын ұлт» идеясын бүгінгі ұрпақ үшін аса өзекті бастама деп санайды. Бұл пікірді сала мамандары да қолдайды. Олардың айтуынша, қоғамда оқу мәдениетін кітапханашылар насихаттаса, бүгінде бұл мәселе мемлекет деңгейінде көтеріліп отыр. Соның нәтижесінде оқырман саны да артып келеді. Мәселен Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханаға күніне 50-ге тарта жаңа оқырман тіркелсе, жыл басынан бері олардың саны 10 мыңнан асқан. Сондықтан мамандар көп арасында айтылып жүрген «жастардың кітапқа қызығушылығы төмен» деген пікірмен келіспейді.

«Жастар кітап оқиды. Оқитын жастар көп. Тек олардың оқу форматы, қызығушылығы және ақпаратты қабылдау тәсілі өзгерді. Бүгініг жастар электронды кітап оқуы мүмкін. Аудио кітап тыңдауы мүмкін. Немесе қажетті қандай да бір ақпаратты цифрлық платформалардан іздеуі мүмкін. Ең бастысы, оқуға деген қызығушылықты жоғалтпау», – деді ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының кітапханашысы Балжан Еркебаева.

 Кітап оқу форматы өзгергенімен, оның оқырманға берері өзгермейді. Асқар Ағатаев осыны жақсы түсінеді. Сондықтан автор ендігі кезекте еңбектерін кітапхана сөрелеріне жеткізіп, оқырман санын арттыруды қолға алмақшы.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астанадан

Оқи отырыңыз: Білім саласындағы бетбұрыс: жаңа оқу жылынан бастап мектептерде қандай курстар оқытылады