Елде бірқатар дәрі-дәрмектің бағасы төмендеді

Almaty.tv
Almaty.tv

Дәрі-дәрмек құнын мемлекеттік реттеу тәсілі де жаңартылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елде бірқатар дәрі-дәрмектің бағасы төмендеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, шілдеде 20 өңірде 3 мыңға жуық дәрілік заттың бөлшек саудадағы бағасына мониторинг жүргізілген. Нәтижесінде 589 препараттың құны арзандады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Мемлекет дәрі-дәрмек құнының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін шекті бағалар белгілейді. Олардың сақталуы цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесі арқылы тұрақты бақылауда. Кейінгі айда төмендеген дәрілердің қатарында жұқпалы аурулар, жүрек-қан тамырлары және асқазан-ішек жолы дерттерін емдеуге арналған препараттар бар. 147 өнімнің бағасы 20 пайыздан аса төмендепті, 198 препарат 10–20 пайызға, тағы 244 дәрінің 5–10 пайызға арзандағаны белгілі. Ал қалған 1267 препараттың бағасы өзгеріссіз қалған.

«Қазақстан Республикасында 7 мыңға жуық дәрі дәрмек тіркелген. Айналымда қолданылады. Алматыда 1700-ден астам дәріхана бар. Оның ішінде 300-ден аса қойма дәріханалары. Бүгін әлеуметтік желі дамыған кез, көп дәрі-дәрмек жарнама арқылы тіркелмеген, насихаттайды сатылып жатыр. Сондай факттер болса, шағымданыңыздар, себебі біздің заңға сәйкес әр дәрі регистрациядан өту керек, тіркелу керек», – деді ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің басшысы Дамир Дәулетбаев.

Дәрі-дәрмек құнын мемлекеттік реттеу тәсілі де жаңартылды. Негізгі назар халық үшін әлеуметтік маңызы бар және сұранысы жоғары препараттарға аударылып отыр. Баға реттеуге 3039 рецептпен босатылатын дәрі кіріп отыр. Ал 4918 препарат бұл қадағалаудан шығарылған.

Айта кеткен жөн, бағаны тұтынушының өзі де тексере алады. Дәріханада өнім сомасы күмән тудырса, оны NAQTY ONIM мобильді қосымшасы арқылы тексеруге болады. 2024 жылғы 1 шілдеден кейін өндірілген барлық препараттың қаптамасына арнайы Data Matrix коды қойылады. Оны смартфон камерасымен сканерлеген кезде өндірушісі, тіркеу деректері, таңбалану мәртебесі және жеткізу тізбегіндегі қозғалысы туралы ақпарат беріледі. Бұдан бөлек, қосымша арқылы дәрінің мемлекет белгілеген шекті бағасын көріп, оны дәріханадағы нақты құнымен салыстыруға болады.

«Қосымшада тауарларды цифрлық таңбалау мен қадағалаудың мемлекеттік жүйесі аясында әзірленген. Оны пайдалану Фармацевтикалық нарықтықтың ашықтығын арттыруға ықпал етеді. Пайдаланушы препараттардың бағасын осы қосымша арқылы біліп, оны дәріханадағы препараттармен салыстыра алады», – деді ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің бөлім басшысы Жәмила Мадимарова.

 Айта кетейік, елде контрафакт өнімдері мен таңбаланбаған препараттарды тексеріп, тәркілеуге бағытталған жұмыстар қарқын алуда. Биыл алғашқы жартыжылдықта шекті бағадан асырудың 6 фактісі анықталған. Заң бұзғандарға әкімшілік шара қолданылып, жалпы сомасы 1,4 миллион теңге айыппұл салынды.

Әйкерім Пернебек, Рашидин Якупов

Оқи отырыңыз: Байланыс операторлары тарифтің қымбаттайтынын 2 ай бұрын хабарлануы тиіс