Қауіпті аймақ: Тараздағы Қарасу каналы тұрғындарды әбігерге салды

Күл-қоқысқа толған аумақты қаңғыған ит-құс та мекендейді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тараз қаласының қақ ортасы қоқыс пен қамысқа толып кеткен. Әсіресе шағын аудандардың ішімен өтетін Қарасу каналы қараусыз қалып, тұрғындарға қауіп төндіріп тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қарасу каналы 4 шағынауданды басып өтеді. Бүгінде арнаны адам бойынан асатын қалың қамыс қаулаған. Күл-қоқысқа толған аумақты қаңғыған ит-құс та мекендейді. Салдарынан жиі қылмыс болатын қауіпті арнаны жұрт айналып өтеді. 

«Әулиеата ауданының әкімдері былтыр 2025- 2026 жылға қаражат бөлінгенін айтқан.  Бірақ уәде орындалмады. Бір емес екі адамның денесі табылды», – деді қала тұрғыны Балқия Байтөлеева.

«Итке таланғандардың бірі – мен. Биыл көктемде жұмыстан қайтып келе жатқанда бәленбай ит келді. «Жағалауды жасаймыз» деп жүргеніне қанша жыл болды?» – деді қала тұрғыны Райхан Меңлібекова.

Бұған дейін Қарасу арнасының жағасына жаяу жүргіншілер жолы салынып, орындықтар қойылған. Алайда оның бәрі қараусыз қалып, тозып кетіпті. Әкімдік өкілдері бұл жолы да аумақтың қашан абаттандырылатынын айта алмады. Тек тазалық жұмысын апта аяғында бастайтынын хабарлады.

«Күзгі екі айлық тазалық санитарлық жұмыстарына байланысты бүгіннен бастап осы қамыстар орылатын болады және сенбіде «Таза Қазақстан» акциясы бойынша қалалық әкімдіктің бөлім қызметкерлері қамысты орады», – деді Әулиеата ауданы әкімінің орынбасары Медет Нұрмаханов.

Қазір жағалауды қамыстан тазарту үшін бірнеше жұмысшы тартылған. Алайда олардың үлкен аумақты қашан тазалап бітері белгісіз. Ал жағалауды жөндеудің ауылы алыс сияқты. 

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараздан

Оқи отырыңыз: Ұлдана Мырзуанның ісі: сотта бұрынғы инспектордан жауап алынды