Қазақстанда референдум ашық, еркін өтті - шетелдік бақылаушылар

Референдум күні халықаралық ұйымдардан бөлек, әлемнің 30 елінен 177 байқаушы жұмыс істеген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша референдум ашық, еркін және заңды түрде өтті. Еліміздегі жалпыұлттық дауыс беруге қатысты шетелдік байқаушылар осындай пікірде. Бүгін бірнеше халықаралық ұйым өкілдері брифинг өткізіп, референдум туралы баяндап берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгін алғаш болып Шанхай ынтымақтастық ұйымының байқаушылары баспасөз конференциясын өткізіп, референдумда көргенін айтты. Олар бақылау үшін өз бетінше таңдаған 35 учаскеге барған. Ұйым атынан келген байқаушылар миссиясының басшысы дауыс беру белгіленген тәртіпті сақтай отырып, қалыпты өткенін айтты. Байқау жұмысы кезінде оларға шағымдар мен ескертулер түспеген.

"Миссия Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша республикалық референдум қолданыстағы заңнамаға және Қазақстан Республикасы қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкес өткізілгенін мәлімдейді. Біздің ойымызша, Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша жалпыұлттық дауыс беру ашық, еркін және заңды түрде өтті", – деді ШЫҰ бас хатшысының орынбасары Олег Копылов.

Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында осыдан кейін Түркі мемлекеттері ұйымынан келгендер қорытындысын жариялады. Олардың айтуынша, миссия референдум кезінде 24 учаскеде бақылау жүргізген. Шетелдік мамандар «учаскелер дауыс беруге қажетті барлық құралдармен жабдықталды», дейді.

"Түркі мемлекеттері ұйымының байқау миссиясы референдумның Қазақстан заңнамасына және халықаралық стандарттарға сәйкес ашық өткенін растайды. Жалпыұлттық дауыс беру – бұл Үкіметтің стратегиялық мәселелерді жүзеге асыруға және қоғаммен диалогты жалғастыруға деген ұмтылысын көрсететін маңызды оқиға", – деді Түркі мемлекеттер ұйымы бас хатшысының орынбасары Сади Джафаров.

Ал Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес миссиясының мүшелері Қазақстандағы референдумда әсіресе жас сайлаушылардың белсенділігі жоғары болғанын айтты. Сонымен қатар журналистердің жедел ақпарат таратқанын байқаған. 

"Референдум өткізу Қазақстанды демократиялық дамыту жолындағы маңызды қадам деп бағаланады. Сондай-ақ мемлекеттің адам құқықтарын құрметтейтінін және Үкіметтің халықтың пікірін тыңдауға ашықтығын көрсетеді. Біздің делегация мүшелерінің атынан Қазақстан халқын референдумның өтуімен құттықтаймыз. Бұл – ел өміріндегі маңызды оқиға", – деді Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі бас хатшысының орынбасары Чжан Лин

Референдум кезінде шетелдік байқаушылармен қатар, қазақстандық мамандар да дауыс беру процесін бақылады. "Дауыс" қоғамдық бірлестігі атынан ел аумағы бойынша 18 мыңға жуық адам 9 мың 500 референдум учаскесінде жұмыс істеген. Бірлестік өкілдері айтуынша, бұл – алдын ала нәтиже. Себебі әлі де учаскелердегі байқаушылар есептерін жіберіп жатыр. Референдум кезінде "Дауыс" қоғамдық бірлестігінің мамандары 20-ға жуық заң бұзылғанын анықтаған. Бірақ бұл өрескел заңбұзушылық болып есептелмейді.

"Бізден байқаушыларымыздың тіркеген фактілерінің бірі – сайлаушылардың дауыс беру кабинасына жанұя мүшесімен 2 немесе 3 адамнан кіріп кету. Сонымен қатар, ауылдық өңірлерде туыстарына, жанұя мүшелеріне дауыс беру ниеті болған. Осындай фактілер анықталды", – деді  "Дауыс" қоғамдық байқаушылар коалициясы республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Күнәділов.

Референдум күні халықаралық ұйымдардан бөлек, әлемнің 30 елінен 177 байқаушы жұмыс істеген. Шетелдік сарапшылар саяси маңызды шешімдер халықпен ақылдасып жүзеге асқан бұл шараны жоғары бағалап отыр.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, Астана

Оқи отырыңыз: ТМД байқаушылары референдумды қалай бағалады

Новости партнеров