Көзі көрмей қалуы мүмкін еді: Алматылық дәрігерлер науқастың өмірін сақтап қалды
Науқастың маңдай сүйегін 3D-принтермен басып шығарылған жасанды протезбен алмастырды
Бірегей ота. Алматыда дәрігерлер науқастың маңдай сүйегін 3D-принтермен басып шығарылған жасанды протезбен алмастырды. Арнайы имплант заманауи технологияның көмегімен сүйек цементінен дайындалған. Күрделі хирургиялық операцияны медицина саласын жетік меңгерген бірнеше маман жасады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Асылбек Масығапов – Екібастұз қаласының тұрғыны. Ол өндірісте жұмыс істеп жүргенде қауіпсіздік белдігі үзіліп, бес метр биіктіктен құлаған. Салдарынан ауыр бас-ми жарақатын алып, миы сүйек тіні қабатынсыз қалыпты. Осылайша, бірнеше ай бойы азап шеккен науқасқа дәрігерлер биыл мамырда ота жасаған. Оған 3D-принтерде басып шығарылған маңдай сүйегінің импланты орнатылған.
«Белдік үзіліп кетті де, аударылып құладым. Одан кейін не болғаны есімде жоқ. Қорықтым, қатты қобалжыдым. Бастапқыда дәрігерлер жағдайдың өте күрделі екенін айтты. Бірақ нәтиже адамның өзін қалай сезінетініне де байланысты екенін түсіндірді», – деді Екібастұз қаласының тұрғыны Асылбек Масығапов.
Бас-аяғы 6 сағатқа созылған күрделі хирургиялық отаны бірнеше маман жасаған. Олар маңдай сүйекті арнайы жасалған протезбен алмастырып, науқастың толыққанды өмір сүруіне мүмкіндік сыйлады.
Айта кетейік, бүгінде үш өлшемді басып шығару технологиясының көмегімен тек бас сүйегінің емес, тіпті қан тамырларының да моделі әзірленеді. Мұндай оталар елде сирек жасалғанымен, қарқынды дамып келеді.
«Науқастың бас сүйегіндегі сынық өте күрделі болды. Сондықтан, сүйек күмбезін ғана емес, оның негізін де қалпына келтіруімізге тура келді. Бұрын-соңды тәжірибеде болған отаны бұл жағдайда қолдану мүмкін емес еді. Өйткені ол кезде пластиналар операция кезінде әзірленетін. Ал қазір импланттарды отандық компания жасап шығарады», – деді нейрохирург Шыңғыс Шашкин.
«Науқас соқыр болып қала ма деген қауіп болды. Тіпті көзсіз қалуы мүмкін еді. Сондықтан көз алмасын сыртынан да, ішінен де қайта қалпына келтіріп, сүйек имплантына орнаттып, науқастың көру қабілетін сақтап қалдық», – деді офтальмолог Алексей Кравцов.
Мамандардың айтуынша, 3D-басып шығару технологиясы – науқастың анатомиялық ерекшеліктерін ескере отырып, жоғары дәлдікпен имплант жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ азаматтардың ем іздеп, шетел аспай-ақ елімізде ота жасатуына жол ашқан.
Аяулым Көлжігіт, Маржан Манапова
Оқи отырыңыз: Қызылшаның алдын алу: әрбір ата-ана білуі тиіс маңызды ережелер қандай