Семейде 9-сынып оқушысы досын пышақтап тастады
Дәрігерлер оның іш қуысына пышақ кіріп, оң жақ бүйрегі мен іш майы зақымданғанын айтады
Семейде оқушылар арасындағы жанжал пышақтасумен аяқталды. Сабақтан кейін досымен ойнауға барған 13 жастағы бала жарақат алып, аурухана түскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Семейдегі 9-сынып оқушыларының төбелесі қанды оқиғамен аяқталды. Әу баста жәбірленушіні досы сабақтан кейін «ат үйретеміз, ойнаймыз» деп алдап шақырып алған. Алайда ойынның соңы жанжалға ұласып, жасөспірімнің арқасына бірнеше рет пышақ сұғылған. Қансырап қашқан бала нағашы әпкесінің көршісінен көмек сұраған.
«Операциядан шыққанда хирургтың айтуынша, 10-15 жерден пышақ салған. Тек арқасында деп ойладық, жанбас тұсы да, бүйрегі мен өкпе жағы да жарақат алаған. Әділдікті талап етеміз. Бұл кешірілетін жағдай емес», – деді жәбірленушінің нағашы әпкесі Ләззат Қамзаева.
Туыстарының айтуынша, көп қан жоғалтқан жасөспірім оқиғадан кейін күйзеліске түскен және оған психолог көмегі қажет. Ал бір сыныпта оқып, бірге ойнап, тіпті күреске де бірге қатысып жүрген екі баланың аяқ астынан неге пышақтасқаны әзірге белгісіз. Мектеп өкілдері оқушылардың тәртібі түзу болғанын айтады.
«Екеуі де учетта тұрмаған, екеуі де құқық бұзушылықпен тіркелмеген. Екеуі де сабырлы, салмақты. Күнделікті бірге ойнап, бірге жүрген достар», – деді мектеп директоры орынбасарының міндетін атқарушы Гүлжан Сағымғали.
Ауыр жарақат алған оқушы жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылған. Дәрігерлер оның іш қуысына пышақ кіріп, оң жақ бүйрегі мен іш майы зақымданғанын айтады. Жарақат салдарынан ішіне көп қан кеткен. Бұған қоса, денесі мен аяқ-қолдарында да пышақ жарақаты бар.
«Іш қуысы пышақ жарақатымен оң жақ бүйрек паренхимасы мен үлкен шарбының зақымдануы, іш қусына қан кетумен асқынған. Дене мен аяқ-қолдардағы көптеген пышақ жарақаты. І дережелі геморрагиялык шок. Қарқынды терапия бөлімшесінде шұғыл диагностикалық және емдік шаралар жүргізілді. 4 сағат бойы ота жасалды», – деді Емдеу мекемесі директорының педиатрия жөніндегі орынбасары Дулат Кәрімов.
Екінші жасөспірім де сол күні ауруханаға жеткізілген. Бірақ оның жарақаты жеңіл. Екі бала арасындағы жанжалдың неден басталғанын және оқиғаның барлық мән-жайын полиция анықтап жатыр. Оның нақты себебі тергеу нәтижесінде белгілі болады.
Динара Ерболқызы, Семейден
Оқи отырыңыз: Шымкентте баланы қағып кеткен жүргізушіге қатысты сот үкімі шықты