Әскери дәрігерлерді даярлау: ҚР Қарулы күштері кадр тапшылығын қалай шешпек

Салада кадр тапшылығын жою қолға алынды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биылдан бастап Қазақстанда әскери хирургтар мен әскери терапевтер оқытылады. Осылайша, еліміздің Қарулы күштері әскери жағдайда жұмыс істейтін мамандарды даярлауға ден қоймақ. Өйткені салада кадр тапшылығы бар, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Аға сержант Руслан Байсейітов Приозерск гарнизонындағы 44-те 841 әскери бөлімінде қызмет етеді. Отан алдындағы антына адал азаматтың кейінгі алты айда қан қысымы жиі көтерілетін болған. Ол он бес күн бұрын елордадағы бас әскери клиникалық госпиталіне жолдама арқылы келіп, қазір тиісті ем қабылдап жатыр.

«Ауруханаға түскен кезде менің қан қысымым 170/100 болған. Қазіргі жағдайда 130-140 деңгейіне дейін түсіріп берді. Келген кезімде бүкіл зертханалық анализдер алынды. Әртүрлі дәрігердің қарауында болдық. Және қан қысымымды тексеріп отыру үшін мынандай аппарат салып берді. Жалпы қазіргі жағдайда денсаулығымыз жақсарып келе жатыр деп ойлаймын», - деді 44841 әскери бөлімінің бөлімше командирі Руслан Байсейітов.

Елімізде 8 әскери госпиталь болса, әр өңірдегі әскери бөлімдерде медициналық пункттер мен медициналық роталар жұмыс істейді. Астанадағы бас әскери клиникалық госпиталінде 250 орын бар. Аурухана соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Жалпы алғанда биыл әскери медицинаға бюджеттен 3 миллиард теңге бөлінген.

«Қазір сол қаражатты игеру үстіндеміз. Көптеген рентген-диагностикалық аппараттар алынды. Ультродыбыстық зерттеу аппараттары алынды. Сонымен қатар Алматы госпиталіне көптен күткен біз компьютерлік томограф сатып алдық. Осы шілде айынан өзінің жұмысын бастап, әскери қызметшілерге қызмет ететін болады. Біздің әскери бөлімдерде медициналық пункттер, медициналық роталар бар. Оларды да жабдықтау біздің құзіретімізге келеді», - деді ҚР Қарулы күштері бас әскери медициналық басқармасы бастығының орынбасары Берік Ілиясов. 

Салада маман тапшылығы бар. Әсіресе шалғайдағы әскери бөлімдерге терапевт, хирург, невролог сияқты дәрігерлер жетіспейді. Бүгінде түйткілді мәселенің түйінін шешу қолға алынған. Мәселен, қазір әскери дәрігерлерді Астанадағы Ұлттық қорғаныс университеті мен Ақтөбе қаласындағы әскери институтта оқытып жатыр. Одан бөлек, шекара асып білімін жетілдіріп жатқандары да бар. Олар Түркия, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Арменияда дайындықтан өтеді екен. Биылдың өзінде 10-ға тарта дәрігер аталған елдерде біліктілігін шыңдаса, оннан астам курсант тәжірибеден өтіпті.

«Осы күнде 200-ден астам әскери қызметші медициналық мамандық бойынша дайындықтан өтіп жатыр. Келесі жылы 20 шақты маман аламыз, одан кейін 30 маман аламыз. Сөйтіп, маман тапшылығын алдағы бір 5-6 жыл шамасында 100 пайыз жоймасақ та, азайтамыз», - деді ҚР Қарулы күштері бас әскери медициналық басқармасы бастығының орынбасары Берік Ілиясов.

Еліміздің әскери медицина мамандары Біріккен Ұлттар Ұйымының Голан жоталарындағы бітімгерлік миссиясын жүзеге асыруға өз үлесін қосып жүр. Бітімгерлер миссияға аттанбас бұрын қатаң іріктеуден, алты ай дайындықтан өтеді екен. Алдымен әскерилердің денсаулығы, психологиялық дайындығы, мамандығы ескеріледі. Одан кейін ағалшын тілін білуі шарт. Мұнда шетелдерден арнайы мамандар келіп дәріс өткізеді. Биыл бір дәрігер мен төрт әскери медицина қызметкері Голан жоталарына аттанған. Былтыр да дәл осындай құрам барып келген екен. Олардың арасында Астанадағы бас әскери клиникалық госпиталінің сержанты Бауыржан Бесенбаев та бар. 

«Алғашқы көмек көрсеткен сәтімізде бір еуропалқ офицері ауыр халге түсіп, біз ол кісіні Уругвай контингентінің базасынан өзіміздің базаға алып келдік», - дейді қарқынды терапия бөлімшесінің аға маманы Бауыржан Бесенбаев.

Бас әскери клиникалық госпиталінде жылына 4 мыңға жуық науқас ем алады. Мұнда тек әскерилер ғана емес, олардың отбасы мүшелері де, сондай-ақ МӘМС арқылы қала тұрғындары да ем-дом қабылдай алады. Мәселен былтыр, 173 елордалық осы госпитальге жүгінген екен.

Астанадан Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, "Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: Шабақтар жаппай қырылып жатыр: Маңғыстауда экологтар дабыл қақты

Новости партнеров