Солтүстік Қазақстанда түлкі мектеп оқушысына шабуылдады

Жұрттың шағымынан кейін, мамандар залалсыздандыру жұмысын жүргізіпті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Солтүстік Қазақстанда түлкі мектеп оқушысына шабуылдап, мерт қыла жаздады. Бескөл ауылының тұрғындары елдімекеннің қала маңайында орналасқанына қарамастан, жабайы жануарлардың әлі де қауіп төндіріп тұрғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Азығын ауылдан іздеген түлкі Бескөлдік ағайынды әбден қорқытты. Себебі, бұл жолы жабайы жануар мектеп оқушысына тап берген. Қорқынышты жайтты екінші ауысымда оқитын Әмірхан өз басынан өткізіпті. Анасының айтуынша, түлкі оған сабақтан қайтқан сәтте шабуылдаған. Баласы сол оқиғадан кейін сыртқа шығуға қорқып қалған.

«Маған қарай секірді, кейін шалбарымды жырта бастады. Сол сәтте иттің үрген дауысы шығып, ол соның артынан кетті. Бірақ қайтадан оралды. Дегенмен ол кезде алабай оны үркітіп жіберді. Үрейленгенім соншалық, дауысымды шығара алмай қалдым», – деді оқушы Әмірхан Советов.

«Ауруханаға бардық. «Екпе салу қажет» деді. Енді жағдай қайталанбауы үшін қандай да бір шара қолданылуы керек. Басқа балаларға қауіп төнбесінші!», – деді баланың анасы Алтын Жұмағұлова.

Ауыл жұрты көше кезген түлкі атаулының мысық, ит, тіпті қараусыз қалған жануардың барлығына шабуылдайтынын айтады. Оқиға күні бүгінге дейін бірнеше рет қайталанып та үлгерген. Көпшілік оларда құтырма ауру болуы мүмкін деп отыр.  Жұрттың шағымынан кейін, мамандар залалсыздандыру жұмысын жүргізіпті. Ал жарақаттанған жануарлардан сынама алынып, зертханаға жіберілген. Қауіпті дерт табылмапты.

«Түлкі, қарсақ інінің маңайына арнайы жем қоямыз. Оның құрамында құтырма ауруына қарсы емдік заттар бар. Заң бойынша бұл жануар түрін атуға тыйым салынған. Санын реттеу мүмкін болмай тұр. Ал құтырмаға шалдыққандар 3 жыл бұрын анықталған», – деді Қызылжар ауданы Ветеринариялық стансасының директоры Ербол Багенов.

Сала қызметкерлері жыртқыш аңға жолауға болмайтынын ескертті. Ал тісі батса, бірден ауруханаға бару керек. Себебі, жылдам әрекет – талайдың өмірін сақтап қалуы мүмкін. 

Рүстем Айткәрім, Петр Акутионов, СҚО

Оқи отырыңыз: Қостанай мектептерінде қашықтан оқу мерзімі ұзартылды

Новости партнеров