Арнаулы автобаза қызметкерлерінің өзі баспананы әрең тазалап жатыр
Тау болып үйілген қоқыс. Қаптаған тарақан. Қолқаны қабатын иіс. Атырауда шағынаудан пәтерлерінің бірінде отбасы адам төзгісіз жағдайда тұрып келген. СЭС мамандары іріп-шіріген үйден қаршадай балалар табылғанын айтады. Қазір оларға мамандар көмек көрсетіп жатыр екен. Санитарлық норма сақталмаған баспанадағы жағдайды аймақтағы Аlmaty.TV тілшісі көріп қайтты.
Екі бөлмелі пәтер есік-терезесіне дейін қоқысқа толған. Тұрмыстық қалдықтардан аяқ алып жүру мүмкін емес. Бос орын жоқ. Мүңкіген иіс мұрынды жарады. Арнаулы автобаза қызметкерлерінің өзі баспананы әрең тазалап жатыр.
Сорақысы, бұл баспанада ересектермен бірге балалар да тұрып келген. Қазір олар арнайы бейімдеу орталығына жіберілді. Денсаулығына қауіп жоқ. Мамандар ұл-қыздарға көмек көрсетіп жатыр.
«Жеке тұрғындардан шағым түскен сәтте бардық. Үй іші қоқысқа толы болды. Азаматтар өмірлік қиын жағдай орталығына жайғасты. Орталық мамандары екі баламен жұмыс істеді. Сұрастыру барысында жағдайлары жақсы, қалыпты екені, балалармен ортада ойнап жүргені анықталды», - деді Отбасын қолдау орталығының директоры Шолпан Қоңырова.
Көршілер бұған дейін де бірнеше рет шағым айтқан екен. Алайда шара қолданылмапты. Ал полиция кәмелетке толмаған балаларға қолайлы тұрмыс жағдайын қамтамасыз етпеген ата-ананың әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын жеткізді.
«Балалар қолайсыз отбасынан алынып, полицияның бақылауына алынды. Оларды уақытша бейімдеу орталығында орналастыру үшін тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп шаралар қабылдануда. Ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. Материалдар Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау комиссиясына жолданады», - деді Полиция басқармасы №2 полиция бөлімі қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы Жеңіс Бозаев.
Қазір көпқабатты тұрғын үйге залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал әлеуметтік тұрмысы төмен отбасына әкімдік көмек көрсетпек.
Жұлдыз Қайратқызы, «Алматы» телеарнасы, Атыраудан
Оқи отырыңыз: Қостанай облысында тойдан кейін 80-нен астам адам ауруханаға жеткізілді