Ұлдана Мырзуанның ісі: сот отырысында тараптар жарыссөзге шықты
Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысында прокурор мүлік иелері бірлестігінің төрағасы Сәуле Жұбаниязованы кінәлі деп танып, оны 2 жылға бас бостандығынан шектеуді сұрады, Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, айыпталушы тұрғын үйдің техникалық жағдайы мен қасбетін жөндеу қажеттігін біле тұра, тиісті бақылау жүргізбеген. Жарыссөз барысында прокурор оны Қылмыстық кодекстің 254-бабы бойынша кінәлі деп танып, кондоминиум нысандарын басқару қызметімен айналысу құқығынан 3 жылға айыруды талап етті. Бұдан бөлек, жәбірленушілерге өтемақы қорына 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мәжбүрлі төлем өндіріп алуды сұрады.
«Жұбаниязова бұған дейін сотталмаған. Жазаны жеңілдететін жағдай ретінде оның кәмелетке толмаған балаларының бары, қылмысты алғаш рет жасағаны және қайғылы оқиғаның абайсызда, кездейсоқ жағдайлар салдарынан болғаны ескерілді. Жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сондықтан зардаптың қайтымсыз болғанына қарамастан, ең қатаң жаза тағайындауды талап етпейміз. Жаза болған оқиға үшін кек алу емес, жасалған әрекетке мемлекеттің заңды әрі мөлшерлі жауабы болуы тиіс», – деді мемлекеттік айыптаушы Саяжан Серікова.
Өз кезегінде айыпталушының қорғаушысы Дәурен Еслямбеков соттан Сәуле Жұбаниязованы ақтауды сұрады. Адвокаттың айтуынша, айыптау тарабы сотталушының әрекеті немесе әрекетсіздігі мен қайғылы жағдай арасындағы тікелей себеп-салдарлық байланысты дәлелдей алмаған. Ол ғимараттағы негізгі ақаулар Жұбаниязова МІБ төрағасы болып сайланғанға дейін, яғни нысанды сату кезінде жіберілгенін алға тартты. Сондай-ақ үй қаптамасының құлауына сапасыз құрылыс пен жобалау кезіндегі кемшіліктер себеп болуы мүмкін екенін айтып, Жұбаниязованың бұл ақауларды өз бетінше анықтап, жоюға нақты мүмкіндігі болғаны дәлелденбегенін жеткізді.
«Айыптау тарапы менің қорғауымдағы азаматтың бұл ақауларды өз бетінше анықтай алғанын дәлелдеген жоқ. Оларды жоюға нақты мүмкіндігі болғаны да дәлелденбеді. Оның әрекеті мен ғимарат бөлшегінің құлауы арасында қажетті себеп-салдарлық байланыс та жоқ», – деді адвокат Дәурен Еслямбеков.
Оқи отырыңыз: Нұрайдың өлімі: Шерхан Аймаханға шығарылған үкімі өзгеріссіз қалды