Жағдайы өте ауыр 9 жастағы қызды дәрігерлер облыстық денсаулық сақтау мекемесінде қалдырған
Абай облысындағы жол апатынан зардап шеккен екі бала арнайы бортпен Астанаға жеткізілді. Олар 2-қалалық көпсалалы ауруханаға жатқызылды. Ал жағдайы өте ауыр 9 жастағы қызды дәрігерлер облыстық денсаулық сақтау мекемесінде қалдырған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оған елордадан арнайы барған білікті мамандар шұғыл түрде 2 күрделі операция жасады.
Еске сала кетейін, кеше Абай облысы Үржар ауданына қарасты Бестерек ауылында жеңіл көлік үй маңында ойнап жүрген 6 баланы қағып кеткен. Салдарынан 2 мен 7 жас аралығындағы үш бала көз жұмды. Екеуі оқиға орнында, біреуі ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болған. Басқалары түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Белгілі болғандай, қайтыс болған 3 баланың екеуі Жарма ауданының Жаңғызтөбе ауылынан ата-әжелеріне қонаққа келген. Ал біреуі Үржар ауданынан екен. Облыс әкімдігі балалардың отбасыларына жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр. Полицияның дерегінше, «Toyota» маркалы автокөлікті басқарған 55 жастағы жүргізуші рөлді игере алмай қалған. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.
«Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Медициналық сараптамаға сәйкес, оның жол апаты кезінде масаң күйде болмағанын көрсетті. Қазіргі уақытта тиісті тергеу амалдары жүргізілуде», – деді Полиция департаменті бастығының орынбасары Ернар Базаров.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үржар ауданына Қорғаныс министрлігінің С-295 ұшағымен Астанадан білікті мамандар барған. Арнайы бригаданың құрамында реаниматолог, нейрохирург және травматолог болған. Дәрігерлер балалардан бассүйек-ми жарақатын, ішкі ағзалары мен сүйек жүйесінің зақымдарын анықтаған.
Оқи отырыңыз: Үржардағы қайғылы жағдай: ауруханадағы бір баланың жағдайы ауыр