«Жеңімпаз ұлт»: Эверестке көтеріліп, тарихта аты жазылған тұңғыш қазақ қызы кім

Almaty.tv.
Almaty.tv.

Анардың жолы арманның артынан ілескен күнделікті еңбектің қайда жеткізетінін көрсетеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Эверестке көтерілген тұңғыш қазақ қызының жетістігі отандық альпинизмге жаңа есім қосты. Табиғаттың қаталдығы мен бағыттың күрделілігі адамнан күш-қуатпен бірге сабырлылық, сақтық пен дер кезінде шешім қабылдауды талап етеді.
Almaty.TV- дағы «Жеңімпаз ұлт» айдары Айжан Дайрабайдың көпшілік біле бермейтін болмысы мен өмірлік ұстанымына арналады. 

Сегіз мың сегіз жүз қырық сегіз метр. Осы биіктікте көк байрағымызды көтеріп, Эверестке шыққан тұңғыш қазақ қызын білесіз бе? Бір кездері ол бұл арманын жұмысқа ұсынған түйіндемесіне жазған. Сол бір арманды өмір шындығына айналдыру үшін жылдар бойы төзімін шыңдап, дайындығын жетілдірді. Шыңдағы сурет жеңістің бір сәтін сақтаса, оған дейінгі әр қадам сол жеңістің бағасын аңғартады.

"Тауға деген қызығушылығым бала кезімнен басталған. Шығыс Қазақстанда яғни тау қоршаған өлкеде дүниеге келгенімнің өзі табиғатқа деген сүйіспеншілігімді оятқан шығар. Тауда өзімді барынша еркін сезінемін. Мен өмірлік арманымды таптым. Бүгін жасап жүрген әр ісіңнің сені сол ұлы мақсатыңа жақындататынын түсіну өте маңызды деп ойлаймын", - деді альпинист Анар Бурашева. 

"Анар Бурашева іріктеуге қатысқан алғашқы қыз емес еді. Бірақ спорттағы жетістіктері мен жақсы физикалық дайындығының арқасында таңдау оған түсті.  Осы мақсатқа жету үшін Анарға өміріндегі көп нәрседен бас тартуға тура келді. Оның банкте жақсы қызметі бар еді, мансабы да өсіп келе жатқан. Соған қарамастан, жұмыстан шығып, бар уақытын осы өрлеуге дайындалуға арнауды ұйғарды. Өйткені мен одан бар назарымызды тек осы экспедицияға аударуды сұрадым", - деді экспедиция жетекшісі Мақсұт Жұмаев.

Анар биік тауға дейін ұзақ қашықтықта өзін сынаған. Жүгіруге қызығып, марафондарға, кейін тау соқпақтарындағы жарыстарға қатысты. Әуестігі бірте-бірте өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Жарыста жиналған төзім, күнделікті қалыптасқан тәртіп үлкен экспедицияға дайындалуына негіз болған. Анардың жетістігі өзгелерге де үлкен мақсат қоюға себеп бола алады.

Өйткені Анардың жолы арманның артынан ілескен күнделікті еңбектің қайда жеткізетінін көрсетеді.

"Мен үшін жеңімпаз ұлт әр адамның өзіне сенуінен, өз ісіне адал болуынан қалыптасады. Эверестке шығу менің арманым еді. Бірақ оған жетуіме көп адамның еңбегі мен қолдауы көмектесті. Қазіргі мақсатым - аты аңызға айналған альпинистеріміздің ізін жалғап, «14 сегізмыңдық» бағдарламасын толық орындау. Бұл жетістік «Жер тәжі» деп аталады.  Менің жолымды көрген қазақ қыздары өз мүмкіндігіне сеніп, арманына қарай қадам жасаса деймін", - деді альпинист Анар Бурашева. 

Бір кезде түйіндемеге жазылған арман бүгін қазақ альпинизмінің тарихына енді. Эверестке көтерілген тұңғыш қазақ қызы сол арман мен ақиқаттың арасын табанды еңбекпен жалғады. Оның шыңға дейінгі жолы талай жанға өз мақсатына ұмтылуға жігер бере алады. Бір адамның жетістігі елдің сенімін еселегенде, жеңістің мәні де тереңдей түспек. 

Айжан Дайрабай, Думан Дәулетбақұлы, Жайық Белқожаев

Оқи отырыңыз: Арзан әрі жылдам: Қазақстан мобильді интернет бағасы мен сапасы бойынша үздіктер қатарына енді