Зияткерлік сайыс: еліміздің түкпір-түкпірінен келген 188 оқушы бақ сынауда

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Елордада жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша XIX Президенттік олимпиаданың республикалық кезеңі басталды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елордада жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша XIX Президенттік олимпиаданың республикалық кезеңі басталды. Зияткерлік сайысқа еліміздің барлық өңірінен 188 оқушы қатысып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Астана қаласындағы №33 жайлы мектеп базасында өтіп жатқан білім бәсекесі 13 қарашаға дейін жалғасады.

11 (12)-сынып оқушылары математика, физика, химия және биология пәндері бойынша білімдерін сынайды. Олимпиада дарынды балаларды анықтауға, олардың зияткерлік әлеуетін дамытып, жаратылыстану ғылымдарына деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Биыл олимпиаданың бірінші, өңірлік кезеңіне 3 690 оқушы қатысқан болатын. Ал екінші іріктеу кезеңінен өткен 406 оқушының ішінен 188 үздік қатысушы республикалық кезеңге жолдама алды.

Қатысушылардың жұмыстарын халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сондай-ақ еліміздегі және шетелдегі жетекші жоғары оқу орындарының студенттері, магистранттары мен PhD докторларынан құралған қазылар алқасы бағалайды.

Олимпиада қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің I, II және III дәрежелі дипломдарымен марапатталады.

Академиялық адалдық пен ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында олимпиаданың тікелей эфирі ұйымдастырылады. 

Оқи отырыңыз: ШҚО-да ауа райына байланысты қашықтан оқытуға көшу температурасы бекітілді