|
27.02.2023 | 18:52
3305

Алматының таулы аймақтарында қар көшу қаупі басым

Көшкіннен бөлек, өзге де табиғи апаттың алдын алу мақсатында тексеру жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп жатыр

Алматының таулы аймақтарында қар көшу қаупі басым Almaty.tv

Алматының таулы аймақтарында қар көшу қаупі басым. Сондықтан төтенше жағдайлар департаменті жақын күндерде курорттық жерлерге демалыс жоспарламауды ескертті, деп  хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Атап айтқанда, Шымбұлақ пен Үлкен Алматы көліне қала тұрғындары мен туристер бүгінше бара алмайды.

«Бірде-бір адамды өткізбедік» деген бекеттегілер бүгін де ешкімді кіргізер емес. Тек рұхсаты бар арнайы қызметкерлер ғана өтті. «Қазселденқорғау» мекемесінің өкілдері жолды ашып-жабу туралы шешім ауа-райына байланысты өзгеріп отыратынын айтты.

«Орта және биік таулы аймақтарда бізде қар көшкіні қаупі әлі де сақталады. Соған байланысты қазір Кіші және Үлкен Алматы өзені, Алматы - Шымбұлақ және Алматы - Үлкен Алматы көліне барар жолға бақылау бекеттер қойылды», – деді «Қазселденқорғау» ММ Алматы қалалық филиалы бөлімінің басшысы Әлішер Тоқтасын.

Бұл аймақтарға бақылау бекетінің қойылуы бекер емес. Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің айтуынша, тау бөктеріне саяхаттаудан әзірге бас тарта тұрған жөн.

«Үлкен және Кіші Алматы көлдерінің маңы қауіпті деп саналады. Себебі онда көшкін қаупі жоғары 12 аймақ анықталған. Сондықтан курорттық орындар мен мұздықтарға барудың қажеті жоқ», – деді  ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының басшысы Алмат Жаныспаев.  

Көшкіннен бөлек, өзге де табиғи апаттың алдын алу мақсатында тексеру жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп жатыр. «Қазселденқорғау» мекемесінің қызметкерлері жақында ғана тау бөктерін тікұшақпен аралап, мореналдық көлдердің жайымен де танысты.

Оразай Нұртайұлы, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир