Сайлаудың барынша әділ өтуі үшін Алматыда тәуелсіз қоғамдық бақылаушылар штабы құрылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Штабтың ашылуына жастар мен балалар үйлері түлектерінің әлеуметтік мәселелерін шешумен айналысатын «Жастарға жол» қоғамдық қоры ұйытқы болып отыр. Қазір ұйымның құрамында сайлаудың ашық өтуіне белсене ат салысқысы келетін жүзден аса адам бар.
«Бізге әділдік керек. Біздің міндетіміз – сайлаудың толықтай заңға сәйкес өтуін қадағалау. Осы орайда, бақылаушылардың алдыңғы шебінде жастар тұруы керек деп санаймын», – деді «Жастарға жол» ҚҚ президенті Рафаэль Гасанов.
Штаб басшылығы әділетті қоғам құруға ниетті еріктілерді өз қатарларына қосылуға шақырады. Айта кетейік, мұндай тәуелсіз бақылаушылардың саяси қауымдастықтармен ешқандай байланысы болмауы керек.
«Әрине, штабтың мүшелеріне ең алдымен не істеу керектігі жайында нұсқаулық беріледі. Заңбұзушылықты байқаған жағдайда қалай әрекет ету қажет? Нендей жағдайларға мүлдем жол берілмеуі керек? Осының барлығын түсіндіреміз», – деді қоғам қайраткері Андрей Андреев.