Күдікті кепілмен босап шыққан: Алматы облысында жасөспірімді жүк көлігі басып өлтірді

Almaty.tv
Almaty.tv
Марқұмның ата-анасы ұлының өліміне себепші болған жүргізуші жазадан жалтарып кете ме деп қауіптенеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында жантүршігерлік жол апатынан 14 жастағы бала көз жұмды. Құлжа тасжолы бойымен жүйткіп келе жатқан жүк көлігі жасөспірімді қағып өткен. Бала оқиға орнында тіл тартпай кетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  


Тохтахуновтар әулеті ойламаған жерден қара жамылып отыр. Бәрінен бұрын баласынан айырылған ана жүрегіне қиын. Енді суретіне қарап, көз жасын төгуден басқа амалы да қалмаған. 

«13 күні болды... Кешкісін самсаханаға барамын деп шығып кеткен еді. Күнде сол жерден нанын, самсасын алып жүрген бала ғой. Бағдаршамды күтіп, жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп жүретін бала еді. Көлік аса қатты жылдамдық ағызып өткен. Газды үдеткен қалпы, тежегішті де баспай өте шыққан», – дейді марқұмның әкесі Бақтияр Тохтахунов.

Жол апатынан көз жұмған Рамзанның жасы 14-те еді. Үйдің үлкені болатын. Өзінен кейін екі бауыры бар. Артынан ерген інісі Рамзанның қазасына әлі сенер емес. Отбасындағы қайғылы жағдай жалындап өсіп келе жатқан жасөспірімнің жанына батады. Камераға ағасының жақсылығын өксігін баса алмай отырып, әрең айтты.  

«Мені әрқашан жақсы көретін, әрдайым қолдау көрсетіп жүретін еді. Қандай жағдай болса да көмегін аямайтын еді», – дейді көз жасын бұлаған Рамзанның інісі.

Оқыс жағдай Құлжа тасжолының бойында болған. Куәгерлердің айтуынша, Рамзан бағдаршамнан 150-200 метрге дейін ұшып кеткен көрінеді. Көлік жүргізушісі баланы қағып қана қоймай, оқиға орнына қашып кетпек болыпты.

«Қаққан көлік оқиғак орнынан 200 метр өтіп барып тоқтады. Оны бір кісі сүйреп әкелді. Ішімдік ішіп, қызып алғаны көрініп тұрды. «Адам қағып кеттім-ау» деп ойланып тұрған да жоқ сияқты. Темекісін шегіп, ештеңе болмағандай тұрды», – дейді куәгер Жандос Алтынов.

14 жастағы Рамзан жолды оңды-солды кесіп емес, рұқсат етілген жерінен өткен. Мұны облыстық Полиция департаменті де растап отыр. Ресми өкілдердің хабарлауынша, күдікті ретінде 59 жастағы ер адам анықталған. Тергеу амалдарының басталғанын айтты. Ал көлік тізгіндеу кезінде оның спиртті ішмдікті ішкен-ішпегені туралы сараптама тағайындалған.

«Жол апаты бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында марқұмның түр-келбеті анықталды. Ол Талғар ауданы Гүлдала ауылының тұрғыны, 14 жастағы бала екені анықталды», – деді Алматы облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі Ақбота Әзірбек.

Марқұмның туыстары балаларының өліміне себепші болған көлік жүргізушісі жазадан жалтарып кете ме деп қауіптенеді. Себебі, 15 қазан күні тергеу сотының қаулысымен күдікті кепілмен босап шыққан. Қазір үй қамағында. Енді баланың ата-анасы, 59 жастағы азаматтың тиісті жазасын алуын талап етіп отыр.      

Ұлағат Арғын, Дамир Анитов, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров