Алматыда ішімдік ішіп алған тұрғын дезинфекторлардың жұмысына кедергі келтірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Келеңсіз оқиға Наурызбай ауданында орын алған. Бірақ қалада залалсыздандыру жұмыстары кесте бойынша жалғасып жатыр. Алматыда дезинфекция жасаудың нешінші кезеңі басталды? Жұмысқа қанша маман жұмылдырылды?
Бұл кадрлерде қолына суық қару алып дезинфекторды қуып жүрген тұрғынның әрекеті анық көрінеді. Басында ол мамандардың бірін қуып жетпек болады. Кейінірек тағы шетте тұрған басқасына тиседі. Дезинфекторлардың сөзінше, азамат ішімдік ішкен көрінеді. Бірақ жұмыстары қызу мамандар тұрғынның үстінен полицейлерге арыз түсірмеген. Өйткені өздері дін аман болғандықтан, кестеден кешікпеуді жөн көріпті.
«Ішімдіктен ішіп алған, балаларды балағаттады. Біздің мамандардың мазасын алып, ананы бүйтіңдер, сөйтіңдер деп балағаттап, кедергі келтірді. Тұрғындардан біздің дезинфекция жұмыстарына қолдау көрсетуін сұраймыз. Біз жұмысымызды кесте бойынша тоқтатпай, жұмысымызды ары қарай жалғастырып жатырмыз», – деді Наурызбай ауданы бойынша дезинфекция жұмыстарының жетекшісі Нұрсұлтан БАТЫНОВ.
Ал келеңсіз жағдайға қарамастан мамандар жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бүгін Медеу ауданындағы бір топ маман үш ықшам ауданның тұрғын үйлерін дезинфекциялады. Олар кіреберістен бастап барлық адамның қолы тиетін жерлерді тазалап шықты.
«Бізде 829 үй бар. 2448 подьезд бар. Шамамен 40 дезинфектор, 7 бригадиріміз бар. 7 бригада, әр бригадада 5-6 адамнан бөлінген. 829 үй үшке бөлінген: жоғарғы аудан, ортаңғы аудан, төменгі аудан. Бір күнде соның үштен бірін істеп кетеміз. Сонда әр подьезді аптасына екі рет залалсыздандырамыз», – деді Медеу ауданы бойынша дезинфекция жұмыстарының жетекшісі Гүлмира СЕЙТІМОВА.
Бір қуантарлығы, ауру ошағы бар кіреберістер саны біртіндеп азайып келеді. Қазір 23 подьезд бар. Күнделікті дәрілік препарат шашумен 15 адамнан тұратын 5 бригада айналысады. Ал 15-кезеңнің 1-күнінде 7922 тұрғын үй залалсыздандырылды.
Жадыра Омаржан, Қобылан Әлдибеков, «Алматы» телеарнасы