Алматыда дүниежүзінің ең алып палуандары өзара кім мықтыны анықтады. Осымен Қазақстанда төртінші рет өткізіліп отырған «Әлем барысы» сайысында шартараптан жиналған 33 спортшы бақ сынады. Дүбірлі доданың жүлде қоры да қомақты. Бірінші орын алған апайтөс палуанға алтын белбеу мен 10 миллион теңге табысталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Осы жолғы «Әлем барысы» сайысына 30 елден 33 палуан қатысты. Қазақстанның намысын 4 бірдей палуан қорғады. Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған Қазақ күресі федерациясының президенті қазақ күресін халықаралық деңгейде одан әрі жетілдіру, насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отырғанын тілге тиек етті.
«Ұлттық күресіміздің осындай керемет додасын ұйымдастыруға ат салсықан Алматы қаласының әкімдігі ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне алғыс айтамыз. Бағы мен бабы қатар жанып тұрған сәттілік тілей отырып, қазақ күресінен «Әлем барысы» абсолютті әлем чемпионатын ашық деп жариялаймыз», – деді Қазақ Күресі федерациясының президенті Дәурен АБАЕВ.
Байрақты бәсеке олимпиада жүйесі бойынша өтті. Яғни, ұтылған адам бірден жарыстан шығып қалады. Екі дүркін «Әлем барысы» Айбек Нұғымаров алғашқы белдесуінде словениялық балуаннан оп-оңай айласын асырып кетті. Ал «Сыр барысы» Мақсат Исағабылов эстониялық балуаннан басым түсті. Бірақ, алғашқы айналымда біздің екі спортшы жарыс жолында сүрінді.
Бізден Айбек Нұғымаров жақсы күреседі. Енді Әбдіразақов жығылып қалды. Қазақтар жақсы күресіп жатыр. Кейінгі палуандардан украиндық жақсы күресті.
«Әлем барысы» жоғары деңгейде өтіп жатыр деп ойлаймыз, Тұңғыш президентіміз, Елбасымыздың арқасында. Жігіттерден Айбек Нұғымаров жоғар деңгейде өнер көрсетті. Шет елдіктерден келе жатқан Өзбекстандық палуан да өте жоғары деңгейде өнер көрсетіп жатыр", - деді бір көрермен.
"Бүгін мен Русланға жанкүйер болып келгенмін, бірақ Руслан Монғолиялық баурымыздан ұшып кетті. Монғолиялықтың техникасы өте мықты екен. Техникамен алып кетті", - деді келесі бірі.
Ал, қазақ палуаны Мақсат Исағабылов қола үшін таласта өзбекстандықтан айласын асырып, жеңіске жетті. Бұған дейінгі бәсекелерде ол Айбек Нұғымаровпен белдескен болатын.
«Ол ағамызбен күресіп, тәжірибе жинақтадым десем болады. Ешқандай өкініш жоқ. Аллаға шүкір, осы «Әлем барысының» қола жүлдесін бұйыртып, қуаныштымын, қуанышымда шек жоқ. Барша көрермендерге, мені қолдап келген жанкүйерлеріме алғысым шексіз», – деді «Әлем Барысы-2019» Әлем чемпионатының қола жүлдегері Мақсат ИСАҒАБЫЛОВ.
Дүбірлі доданың финалында Қазақстандық Айбек Нұғымаров пен Ресей палуаны Роман Бобиков белдесті. Қос мықты арасындағы белдесу тартысқа толы болды.
2019 жылдың «Әлем барысы» атанған ресейлік палуан Роман Бобиковқа 10 миллион теңге мен алтын белбеуді Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың өзі табыстады. Күміс жүлде қазақстандық спортшы Айбек Нұғымаровқа бұйырса, үшінші орын тағы бір отандасымыз Мақсат Исағабыловтың қанжығасында.
«Биыл мен чемпионатқа тыңғылықты дайындықпен келдім. Барлық қарсыластарымның әлсіз тұстарын зерттедім. Бұл жерге ең мықты палуандар жиналған. Жеңімпаз атанғаныма қуаныштымын. Барша жанкүйерлерге және ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Жарыс ең жоғары деңгейде ұйымдастырылған», – деді «Әлем барысы-2019» чемпионы Роман БОБИКОВ (РЕСЕЙ).
Спорта хватит на всех! Главный спонсор спортивных эмоций дарит всем новым пользователям до 200 000 тенге! Смотри любимые спортивные события и побеждай вместе со своими фаворитами! Подробная информация на сайте и приложении!