|
05.03.2019 | 19:10
6493

Допинг қолданғанын мойындаған Полторанинге заңды шара қолданылады – министр

Бұдан бұлай отандық шаңғышыларды тексеру қатаңдатылуы мүмкін

Допинг қолданғанын мойындаған Полторанинге заңды шара қолданылады – министр Almaty.tv

«Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді». Бұдан бұлай отандық шаңғышыларды тексеру қатаңдатылуы мүмкін. Оған Алексей Полтораниннің қателігі себеп. Допинг дауына нүкте қойылуы үшін спортшыларды қылмыстық жауапкершілікке тарту керек пе? Полторанин қазір қайда? Екі айдың ішінде 14 елдің спортшыларының допингпен ұсталуына қатысты сарапшылар не дейді?  «Асығы алшысынан» түспей жатқан спортшылар туралы Almaty.tv тілшісі әңгімелейді.

Жиырмасыншы ғасырдың басында тек бәйге аттарына пайдаланып келген допингті бүгінде спортшылардың басым бөлігі қолданады. Мақсат – чемпион атану. Атақ-абыройды жинап алғаннан кейін де, жанкүйерлерінің алдында жерге қарап жатқандар жетерлік. 60 жылдан бері бұл індетпен күресіп, толықтай жою мүмкін болмай келеді. Өзінің қара күшіне сенбейтін спортшылар тыйым салынған препараттарды қабылдағаннан кейін, допингтің әсерін сараптама да көрсетпеуі үшін тағы да қосымша өнімдерді пайдалануы арқылы қитұрқылыққа барады екен.  

«Допингтер пептидті гормондар, диуретиктік және анаболитектер және қан допингі деп бөлінеді. Мысалы үшін, допингті қабылдайсыз. Оны зерттеген кезде, сынама алған кезде қанда допинг пайда болмауы үшін, оны жасыратын басқа да препараттар болуы мүмкін. Оны диориттер дейді. Мысалы, жай ғана индопомид, хлортиазид деген дәрілерді қабылдасаңыз, сіздің дәрі ішкеніңіз білінбей қалады», – деді спорт журналисі Мадияр АРЫСТАНБАЕВ.  

Әлемде допингті анықтайтын барлығы 34 зертхана бар. Еліміздегі спортшылардан алынған қан сынамасы Германиядағы зерттеу орталығына жіберіледі екен. Мамандардың айтуынша, қан допингі – спортшының өзінің қанын алып, оның құрамындағы эритроциттер шамасын арттырып, кейінен қайта өзіне құюы. Осылайша қанның оттегіні тезірек игеру қабілеті күшейтіледі екен. Ал күш-жігерін шамадан тыс асыру – адам денсаулығына айтарлықтай кері әсер ететінін спортшылар ескермесе керек.  

«Допингті ешқандай медицина қызметкері жасап бермейді. Қан допингі спортшының денсаулығына аса қауіпті. Қан құю кезінде СПИД, гепатит ауруларын жұқтырып алулары бек мүмкін. Ал жарыстың алдында күшін арттыру үшін бір мезетте өте көп қан құю аса көп мөлешерде қан жоғалтқанмен тең. Адамның ішкі органдары мұндай салмақты көтере алмайды. Допинг күш арттыратыны рас. Сондықтан күдікке ілінген кез келген спортшының допингке қарсы тексерістен өтуін жасырын түрде кез келген адам талап ете алады», – дейді Допингке қарсы ұлттық орталық директоры Майра БАКАШЕВА.  

Жаңа жылдан бері небәрі, екі айдың ішінде 14 отандық спортшының допинг пайдаланғаны белгілі болды. Соңғы рет Қазақстанның қасықтап жинаған абыройын бір сәтте төккен шаңғышы Алексей Полтораниннің ел алдына шығып, кешірім сұрамағаны жауапкершіліктен қашу дейді сарапшылар. Енді осы жағдайдан кейін өзге де шаңғышыларға күндіз-түні дамыл бермей, мамандардың тексеруі бек мүмкін. Ал спортшыны түртпектей беру оның жарысқа дайындығына кері әсер етпей қоймайтыны тағы бар. Ал Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы заңда жазалаудың ешқандай түрі көрсетілмегенін алға тартады.

«Өкінішке қарай, қандай да бір шара қолдану туралы нақты жазылмаған. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Құжат қолымызда болғанда, спортшыларды жазалаудың түрі және тағайындалған сыйақылар мен қарастырылған жеңілдіктерден қағу мәселесі де қарастырылады. Пекин мен Лондондағы олимпиадалардан кейін Ауыр атлектика федерациясы барлық спорт түрінен жарысқа қатысудан шеттетілді. Алексей Полторанин өзінің допинг қолданғанын мойындап отыр, енді заңды түрде шара қолданатын боламыз», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ.

«2014 жылы жалғыз ғана спортшы допингпен ұсталды. 2015 жылы 10 адам ұсталды. 2018 жылы олардың саны 37-ге жеткен. Бұл дегеніміз, біздің спортшылармыздың допингті пайдаланудағы жауапкершілікті мойындамауы. Жалғыз ғана Ильин емес, Чиншанло, Майя Манеза, Подобедова да бар. Мысалы, ешқайсысы мойындаған жоқ. Ильиннің өзі кінәсін әлі толық мойындаған жоқ», – деді спорт журналисі Мадияр АРЫСТАНБАЕВ.

Сарапшылардың сөзінше, Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақтағамтану» академиясымен бірігіп, спортшыларға күш-қуат беретін таза табиғи тағамдардың тізімін ұсынуы қажет дейді. Содан кейін допинг пайдаланған азаматты қылмыстық жауапкершілікке тарту – індеттен құтылудың бір жолы екенін де айтты.

Әйкерім Ердәулетқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы 

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир