Денис Тенді еске алуға арналған халықаралық турнир өтеді

28.09.2024 в 11:23

Турнирге 31 елден 120-ға жуық спортшы қатысады

3-5 қазан аралығында елордадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде мәнерлеп сырғанаудан V халықаралық «Denis Ten Memorial Challenge 2024» турнирі өтеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Бұл туралы Денис Тен қорының Instagram парақшасында жарияланды.

«Турнирге 31 елден 120-ға жуық спортшы қатысады, оның ішінде Диас Жиренбаев (Қазақстан), Дэниел Грассл (Италия), Анастасия Губанова (Грузия), Старр Эндрюс (АҚШ), Алекса Ракич (Канада), Йе Куан және Ханна Лим (Оңтүстік Корея) және басқалары бар», - делінген хабарламада.

Жарыс екі категория – ересектер мен жасөспірімдер, жеке коньки тебу және мұздағы би бойынша өтеді.

Көрермендер үшін кіру тегін: 3-4 қазанда сағат 11:00-ден 20:00-ге дейін болады. Марапаттау рәсімі мен гала-шоу 5 қазанда сағат 19:30-да өтеді.

Еске салайық, 2014 жылы Сочиде өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанған отандасымыз Денис Тен 2018 жылы 19 шілдеде Алматыда қаза тапқан болатын. Оны өлтіргені үшін екі ер адам – Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясов 19 жылға сотталды. Сот олардың спортшыға көлігінің айнасын ұрлау үшін шабуыл жасағанын анықтады. Соның салдарынан Денис Тен пышақ жарақатын алып, мерт болды.

Оқи отырыңыз: «Кәріс болып тусам да, жаным қазақ»: Денис Теннің өмірден өткеніне бір жыл