|
26.10.2023 | 18:57
6140

Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу ережесі өзгерді

Мемлекеттік корпорация қызметкерлері емтихан қабылдайды

Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу ережесі өзгерді elements.envato.com

Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу ережесі өзгерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жүргізуші куәлігіне теориялық емтиханды тапсыруды осыған дейін жеке компаниялар ұйымдастырып келген. Халық тарапынан шағым көп түскеніне байланысты, енді бұл жұмысты азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы қолға алған. Емтихандағы өзгерістерді куәлікті енді алғысы келіп жүрген азаматтар сезіне бастаған.

– Жаңа ғана теориялық емтихан тапсырып шықтым. Тиісті межеге жетуге 2 балл жетпей қалды. Дұрыс дайындалмаған шығармын. Бүгінгі өзгеріс жайлы айтар болсам, ерніңді қозғалтуға болмайды. Жан-жаққа қарауға да тыйым салынған. Барлығы камерадан көрініп тұрады. Компьютерге қарап отырған кезде басың қозғалып кетсе, «қайтадан орныңа кел» деп шығып тұрады. Содан кейін ғана тесті жалғастыруға болады, – деді қала тұрғыны Даниял Әбдіжаппаров.

– Емтихан тапсырдым. Ең бастысы, барлығы автоматтандырылған. Орныңа басқа адам кіргізу немесе басқа да қитұрқы әрекетке жол берілмейді, – деді қала тұрғыны Лейла Есина.

Корпорация ақпарына сай, бұрын теориялық тестілеу Жол қозғалысы ережелері 2.0 жүйесі арқылы жүргізілген екен. 16 қазаннан бастап Мемлекеттік корпорация жол қозғалысы ережесінің жаңа 3.0 жүйесіне көшіпті. Соның арқасында жүргізуші куәлігін алу процесі ашық әрі әділ өтіп жатыр.

«Теориялық емтиханды тапсыру кезінде тестілеу барысын аудио және бейнежазбаға түсіру мүмкіндігі жүзеге асырылған. Жүргізуші куәлігін алу үшін биометриялық жеке сәйкестендіру емтихан қабылдау қағидаларына енгізілген өзгерістерге сәйкес жүргізіледі. Жалпы, емиханды ұйымдастыру жұмыстарын корпорация жүзеге асырғалы бері, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоғарылады. Сонымен қатар, ашықтық та орнатылып жатыр», - делінген «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ баспасөз қызметінің хабарламасында. 

Сондай-ақ кез келген адам күту залында отырып, онлайн түрде емтихан барысын бақылай алады. Егер тесттен өтпей қалған жағдайда сол күн емес, ертесі тапсыруға болады. Ал сынақтан екі рет өте алмай қалса, кем дегенде бір ай дайындалып, қайта тапсыру керек.

Айта кетейік, ережеге қайшы көмекші құралдар пайдаланып, ұсталған азаматтар 3 айға емтихан тапсыру құқығынан айырылады.  

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Кәмелетке толғандар Ұлттық қордағы жинағына ипотека рәсімдей алады

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир