Жолаушылар пойыздарда жеке заттарын ұмытып кетіп немесе жоғалтып алатын жағдайлар жиі кездеседі. «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі мұндай жағдайда қалай әрекет ету керек және жоғалған заттарды қайтару үшін қайда жүгіну қажет екенін еске салады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Егер пойыздан шыққаннан кейін вагонда заттарыңызды ұмытып кеткеніңізді анықтасаңыз, келесі нұсқаулықты орындауыңыз қажет:
1) Егер пойыз әлі станцияда болса және оның жөнелтілуіне 10-40 минут уақыт қалса, жолаушы ұмыт қалған заттарын пойыз бригадасының қызметкерлерінен алып кете алады.
2) Егер пойыз кетіп қалған болса, жолаушы ресми @jolaushylar_tasymaly Instagram-аккаунтына немесе WhatsApp нөміріне +7 776 714 5686 арқылы жүгініп, жедел жауап ала алады.
3) Жолаушы сондай-ақ вокзалдың кезекшісіне барып, вагон нөмірін, орны мен ұмыт қалған заттардың сипаттамасын көрсетіп, вокзал бастығының атына өтініш жазып қалдыра алады. Қажет болған жағдайда заттарды өзіне жіберу туралы өтініш жазуға болады.
4) Егер жолсерік ұмытылған заттарды тапса, олар пойыз бастығына беріліп, қалыптастыру пунктіне жөнелтіледі. Заттар вокзалда сақталады және иесіне жеке куәлігін тексергеннен кейін беріледі.
5) Заттарын алған кезде жолаушы барлық шығынды (сақтау, орау, тасымалдау) төлеу қажет.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ өкілдері жолаушыларға жеке заттарын мұқият қадағалап, қажет болған жағдайда белгіленген нұсқауларға сәйкес көмекке жүгінуді ұсынады.
Жолаушылар тегін «1433» нөмірі арқылы ақпарат ала алады.
Оқи отырыңыз: Алматы халықаралық әуежайының жолаушыларына алма ұсынылады