Елімізде биыл көлік полицейлері 98 есірткі қылмысын анықтады. Заңсыз айналымнан 30 келіге жуық әртүрлі наркологиялық зат тәркіленген. Бұл туралы Көліктегі полиция департаментінің жедел кеңесінде айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тәртіп сақшылары биыл 4 айда 13 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылықтың жолын кесті.
Көліктегі полиция департаменті Қазақстан теміржол ұлттық компаниясымен бірлесе «Үгіт пойызы – есірткіге қарсы» акциясын ұйымдастырды.
– Мұндай іс-шаралардың негізгі мақсаты – есірткі қылмысының алдын алу. Пойыз арқылы есірткі затының тасымалымен айналысатындар да аз емес. Бүгін де кезекті үгіт-насихат жұмысын жүргізіп жатырмыз. Осы сынды іс-шараларды айына екі-үш мәрте жүргізіп тұрамыз. Бұл – қоғам үшін маңызды мәселе, – деді ҚР ІІМ Алматы-1 стансасы желілік Полиция басқармасы бөлімшесінің жедел аға уәкілі Ернұр Сатыбалды.
Үгіт-насихат аясында теміржол вокзалына келушілерге түсіндірме парақшасы таратылды. Полиция қызметкерлері күту залындағы жолаушыларға нашақорлық белгілерін анықтау әдістері туралы айтты. Іс-шара барысында кинологтар да жұмыс істеді.
– Бізде қазір арнайы үйретілген қызметтік 2 ит бар. Оның бағыты жаңағы наркотикалық және психотроптық заттарды анықтауға арналған. Екі қызметтік иттің де нәтижесі жаман емес. Жұмыс істеп жатырмыз, – деді ҚР ІІМ Алматы-1 стансасы желілік полиция басқармасының инспектор-кинологы Жарас Мырзабаев.
Көліктегі полиция департаментінің Алматы-1 стансасындағы желілік полиция басқармасы 2022 жылы заңсыз айналымнан 5 келіден астам есірткі тәркілеген. Бұл 2021 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 60 пайызға аз.
Гүлмарал Изатқызы, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы