|
10.07.2023 | 16:11
2353

Қазақстаннан Пәкістанға тікелей ұшатын рейс ашылды

Boeing-737 ұшағы аптасына 2 рет, сәрсенбі және сенбі күні қатынайды

Қазақстаннан Пәкістанға тікелей ұшатын рейс ашылды Almaty.tv

Елімізде Қазақстаннан Пәкістанға тікелей ұшатын рейс ашылды. Алматы-Лахор бағытындағы әуе кемесі 8 шілде күні алғашқы жолаушыларын тасымалдады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Авиакомпания басшылығының мәлімдеуінше, Boeing-737 ұшағы аптасына 2 рет, сәрсенбі және сенбі күні қатынайды. Ұшу уақыты 2,5 сағат. Рейстің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Алматы халықаралық әуежайының вице-президенті: «Бұл бастама екі ел арасындағы әуе қатынасын нығайтып қана қоймай, сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және мәдени ынтымақтастықты дамытуды жеделдетеді» деді.

– Екі мемлекеттің де мәдениеті бай, тарихы тереңде жатыр. Тікелей рейстің ашылуы – қос ел азаматтарының бірлігін нығайтуға, әр түрлі салада тәжірибе алмасуға, бизнесті дамытуға мүмкіндік береді. Ал біз бұл бастаманы қолдап, Қазақстан мен Пәкістан арасындағы қарым-қатынастың дамуына үлес қосуға әрдайым дайынбыз, – деді Алматы халықаралық әуежайының вице-президенті Ягиз Забун.  

Айта кетейік, жаңа рейстің ашылатыны туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шарифтің телефон арқылы ынтымақтастық мәселесін талқылауынан кейін белгілі болды. Кейін еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті Пәкістанның авиациялық билік органдарымен бірлесіп, тұрақты жолаушылар рейсін ашу мәселесін қолға алған еді.

– Қазақстан мен Пәкістан арасындағы қарым-қатынас жыл сайын нығайып келеді. Қазір әлем елдері туризм, сауда секілді маңызды салаларда ынтымақтасуды көздейді. Ал жаңа рейстің ашылуы – екі ел арасындағы осы бағыттарды нығайтады. Біздің дініміз бір, мәдениетіміз ұқсас. Сондықтан жаңа бастама қос тарап үшін де тиімді болады деп сенемін, – деді Қазақстандағы Пәкістан ислам республикасы елшілігінің Сауда және инвестиция мәселелері жөніндегі кеңесшісі Фарух Мухаммад.

Оқи отырыңыз: Нигерияда жол апатынан автобустың 20 жолаушысы қаза тапты

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир