|
21.12.2021 | 21:02
4752

СҚО-да бензин республика бойынша ең қымбат бағамен сатылып жатыр

Көптің сұранысына ие АИ-92 жанармайының бағасы күн санап өсуде дейді тұрғындар

СҚО-да бензин республика бойынша ең қымбат бағамен сатылып жатыр Almaty.tv

Солтүстік Қазақстан облысында бензин республика бойынша ең қымбат бағамен сатылып жатыр. Көптің сұранысына ие АИ-92 жанармайының бағасы күн санап өсуде дейді тұрғындар. Халық азық-түлік құнының қымбаттауы аздай, енді бензин алуға жарты айлығымызды жұмсаймыз деп налиды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Солтүстік Қазақстан облысында соңғы екі айда бензин бағасы 15 теңгеге дейін өскен. Тұрғындар жанармайдың неге сонша қымбаттап кеткенін түсінбей дал.

«Адамдар қиналып жүр. Ақшасы барлар қымбатшылықты байқамауы мүмкін, бірақ қарапайым халық, яғни тұрғындардың 90 пайызы қиналып жүр. Бензин қымбаттаса, қалғанының бәрі қымбаттайды. Бәрі бір-бірімен байланысты ғой», – дейді қала тұрғыны Андрей Шагаев.

Петропавлдағы жанармай бекеттерінде бензин 189 теңгеге сатылып жатыр. Қарапайым халық мұндай баға қалтадан қағады, күнкөріс деңгейі қиындап кетті дегенді алға тартты.

«Бензинді арзандату керек. 150 теңге де арзан емес, көтере бермейсе де болады ғой», – дейді облыс тұрғыны Қозыбай Нұрмолдин.

«1 ай бұрын бензин бағасы шамамен 178-180 теңге болған. Қазір міне, 189 теңге болды. Бұған көнуден басқа амал жоқ, көлік бола тұра жаяу жүрмейміз ғой, бензин алуға тура келеді», – деді Петропавл қаласының тұрғыны Алексей Кобзин.

Жауаптылар облыста бензин бағасы қымбаттап кеткенін мойындайды. Олардың айтуынша, бұған өндіруші зауыттарда жанармай құнының өсуі себеп болып отыр. 

«Біз бағаны арзандату мәселесі бойынша операторлармен күнделікті кездесулер ұйымдастырып отырамыз. Келіссөздер жүргізіп, нарықтағы бағаны бақылаудамыз. Біздегі бензин бағасы өндіруші зауыттарға байланысты», – деді Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Данияр Исаев. 

Облыста бензин тапшылығы мәселесі жоқ. Жанармай бағасының қашан тұрақталатыны әлі белгісіз.

Алина Норғожа, «Алматы» телеарнасы, Солтүстік Қазақстан облысынан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир