Армениядан сатып алынған көліктерді Қазақстанға тіркеуге қою әлі де жалғасып жатыр. 1 маусымнан бастап Алматыда 40-қа жуық автомобиль рәсімделген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жалпы жақын шет елдерде сатып алынған темір тұлпарларды жүргізушілер қалай тіркей алады? Ол үшін қандай құжаттар қажет?
Нұрлан Таңжаров 2018 жылы бар қаражатын жинап елмен бірге Армениядан көлік алып келген. Осы уақытқа дейін темір тұлпарын сақтандыру полисі арқылы тізгіндеп жүріпті. Енді тіркеуге аз уақыт ішінде қою болатындығын естіп бүгін, бірден мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына келді.
«Ешқандай артық ақша төленбейді. 12 мың төлейді дегенге бүгін таңертең ХҚКО-ға келдім. Айтқан соммасы 12 мыңға жетпейді. Соны төледім. Ешқандай қиындығы жоқ. Кезекте тұрғызбай полиция қызметкерлері өздері соңына дейін қасымда жүрді. Бұйыртса рәсімдедік. Ешқандай артық ақша төлеткен жоқ», – деді қала тұрғыны Нұрлан ТАҢЖАРОВ.
Нұрлан Таңжаров көп күтпей, бір-ақ күнде жаңа сары нөмірге ие болды. Алматыға осы уақытқа дейін 500-ден астам Армениядан көлік әкелінген. 1 маусымнан басталған тіркеу үш айға созылады. Қалада құжаттарды 5 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында өткізуге болады.
«Қазақстанға 2020 жылғы 1 ақпанға дейін әкелген автомобильдер тіркеуге жатады. Көлік иелері Армения есебінен шығармағандықтан, Қазақстанда тіркеу кезінде оларға сары түсті нөмірлер беріледі. Өйткені, олар – басқа мемлекетте тұрақты тіркеуде тұрған көлік құралдары», – деді қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос МҰРАТӘЛИЕВ.
Өз кезегінде алматылық жүргізушілер мұндай бастаманың қолға алынғандығына риза. Себебі қала көшелерінде өзге елдің мемлекеттік нөмірімен бейберекетсіз жүрген кейбір бұзақыларды жөнге салу керек дейді.
Ал, Арменияның мемлекеттік нөмірімен жүрген көліктерді көп кездестіре бермейсіз. Демек, алматылықтар белсенді түрде шет елден әкелген көліктерін белсенді түрде Қазақстанға уақытша тіркеуге қойып жатыр. Пайдалану мерзіміне келетін болсақ, оған ешқандай шектеу жоқ. Көлік иесі өз қалауынша пайдалана береді.
Арнат Дүйсен, Мұрат Тайжанов, Қоблан Әлдибеков, «Алматы» арнасы
Көлік құралдарын тіркеу үшін қажет құжаттар:
жеке басын куәландыратын құжат;
0,25 АЕК мөлшерінде мемлекеттік бажды төлегені туралы түбіртектер;
көлік құралы және мемлекеттік тіркеу нөмір белгісін тіркеу туралы Армения куәлігі;
басқару құралы оңнан солға ауыстырылған жағдайда автомобильдің қауіпсіздік сертификаты (СБКТС)