|
05.05.2020 | 20:38
13307

12-кезең: Алматыда Тастақ базары мен Төле би көшесінде орналасқан ғимараттар залалсыздандырылды

Қорғаныс министрлігінің 500 әскери қызметшісі дезинфекция жұмыстарына жұмылдырылған

12-кезең: Алматыда Тастақ базары мен Төле би көшесінде орналасқан ғимараттар залалсыздандырылды Almaty.tv

Алматыда қала көшелері мен әлеуметтік нысандарды дезинфекциялаудың 12-кезеңі жүріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл жолы Қорғаныс министрлігінің 500 әскери қызметшісі Тастақ базары мен Төле би көшесі бойында орналасқан ғимараттар, аялдамалар және жүргіншілер жолын залалсыздандырды.

Бүгінгі кезекті дезинфекциялау жұмысы Алмалы ауданының тұрғындары көп жиналатын орындардан басталды. 2 сағаттай уақытқа қоршауға алынған зәулім ғимараттар мен базарлардың сыртқы бөліктеріне түгелдей хлорлы ерітінділер себіліп, аялдамалар тазартылды. 1 нысанды залалсыздандыру үшін 20-ға жуық әскерилер мен 12 арнайы техника тартылған. Ал, аудан бойынша жалпы 12 топ өңдеуге қатысқанымен, аумағы 10 мың шаршы метр нысанды тазартуға 2-3 сағаттай уақыт қажет дейді мамандар.  

«Дезинфекция барысында арнайы ерітінділер қолданылады. Ерітінділерді қолданудағы мақсат – вирустар мен бактерияларды жою және бұл сұйықтық адамдар мен жан-жануарларға, өсімдіктерге қауіпсіз болып табылады. Әр бригадада 1 техникадан жұмылдырылады», – деді ҚР ҚК ДШӘ Радиациялық-химиялық батальон командирі Дәурен ДҮЙСЕНБЕКОВ.

Нысандарды өңдеу барысында әскерилер дезинфекциялайтын сұйықтықпен бүрку әдісінен бөлек, ARS-14 автоматты түрде көбік шашып, тазартатын станцияны да пайдаланған. Дегенмен Қорғаныс министрлігінің мамандары тек сыртқы тазарту жұмыстарына ғана жауап береді екен. Ал, ішкі залалсыздандыруды базар жұмысшылары өздері жүргізеді.

«Бізде сатылым орындары сыртта орналасқан. Сондықтан  сатылымға қойылған азық-түлік пен қажетті өнімдерге сұйықтық шашырап, зияны тимес үшін дезинфекция жұмыстарын тек төменгі бөліктеріне жасаймыз. Сондай-ақ, саудагерлер барлық санитарлық шараларын өздері де жасайды. Бетперде, қолғап киеді», – деді «Тастақ» базары директорының орынбасары Бекжан ЖАҚСЫБАЕВ.

Тұрғындар көп келетін «Тастақ» базары маңы мен Төле би көшесінде орналасқан зәулім ғимараттардың сыртқы бөліктерінен өзге, терезелері мен есіктер де арнайы құралдармен тазартылды. Індеттің адамдар көп шоғырланатын жерлерде таралу қаупін азайту мақсатында жүргізілетін бұл тазалық шараларына күнделікті 10 сағат уақыт жұмсалады. Ал, әскерилер 2 ауысымға бөлініп, тәулігіне 6 нысанға дейін дезинфекциялап, барлық санитарлық нормаларды қатаң қадағалайды.

«Дезинфекция аяқталғаннан кейін біз жедел штабқа есеп береміз. Кейін әскери полицияның шығарып салуымен институтқа ораламыз. Онда медицина қызметкерлері бізді күтіп алып, формамызды толығымен өңдеуден өткізіп, соңында жоюға жіберіледі. Келесі күні бізге жаңа форма беріледі. Сонымен қатар, біздің денсаулығымызды да толығымен тексереді», – деді Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының сарбазы Дидар ЕСІМХАН.

Алдағы уақытта қаладағы барлық нысандарды өңдеуге жұмылдырылған 2 мыңнан аса әскери қызметкер өзге де базарларды, ауруханалар мен мектептерді, сондай-ақ, басқа да әлеуметтік маңызды нысандарды дезинфекциялайтын болады. Жалпы карантин соңына дейін 16 кезеңді жүзеге асыру жоспарланып отыр.  

Аяулым Көлжігіт, Валерий Таубалдиев, «Алматы»  телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир