|
16.09.2021 | 12:42
4426

Елбасы: Ел алдында 2050 жылға қарай әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру тұр

Нұрсұлтан Назарбаев форум өз тарихында алғаш рет онлайн форматта өтіп жатқанын атап өтті

Елбасы: Ел алдында 2050 жылға қарай әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру тұр elbasy.kz

Қазіргі жаһандық сын-қатерлер мен пандемияға қарсы күрес жағдайында ұйымшылдық қағидаты бүкіл адамзат үшін негіз қалаушы болуы керек. Елордада өтіп жатқан 17-ші Еуразиялық форумына қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде Елбасы осылай деді. Ал, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің құттықтау тілегінде жаһандық трансформация кезеңінде жұдырықтай жұмылып, маңызды мәселелерді бірге ашық талқылау өте маңызды екенін айтты. Нұрсұлтан Назарбаев пен мемлекет басшысының лебізін мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев жеткізді. Форумда талқыланған тақырыптар туралы толығырақ Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек жалғастырады. 

Елордада әлемнің медиа саласының майталмандары жаһандық мәселелерді ортаға салып, өз ұсыныс-пікірлерін білдіруде. Халықаралық шараның бүгінгі жұмысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің құттықтау лебіздерін жеткізуден басталды. Мемлекеттік хатшы өз сөзінде дәстүрлі форумда қоғамды толғандыратын сын-қатерлерді шешу жолдары талқыланатынын атап өтті.

«Өткен кезеңде біз ауқымды оқиғалардың куәсі болдық. Әлем өзгерді. Пандемия, жаһандық экономикалық құлдырау, мемлекеттер арасындағы сенімсіздік, әлемнің жетекші державалары арасындағы технологиялық соғыс, этикалық нормалардың өзгеруі және тағы басқалары адамдарды біріктіріп қана қоймай, алуан түрлі көзқарастарға да бөлді. Түрлі пікірлерді талқылап, консенсус іздейтін халықаралық платформаға айналған Еуразиялық медиа форумның миссиясы да осысымен маңызды», – деді ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев.

Сонымен қатар форумның ұйымдастырушылық комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева мемлекетаралық, халықаралық диалог пен сенім тетіктерінің әлсіреу процесі бұрын басталғанын, бірақ пандемия бұл процесті жеделдетіп, оған түбегейлі жаңа өлшем бергенін айтты. Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрі  Аида Балаеваның айтуынша, пандемияда адамдар өндірістерден басқа қызметті жұмыс орнына байланыстырмай-ақ жүргізуге болатынын үйренді. Ақпараттық технологиялардың арқасында басқаруға көп зиян келтірместен карантиндік шараларды орындай алды. Биылғы  форум «2021: әлем жаңа құндылықтар іздейді» деген ұранмен өтуде. Бұл ретте халықаралық сарапшылар төрткүл дүниеге қажет диалогтың жаңа форматтары мен формалары қандай болу керектігін іздестіруде.

«Қазіргі таңда біз интеграциялық процестер кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Көліктік-коммуникациялық жүйелер, жаңа хабтар пайда болуда. Мысалы Әзірбайжан барлық түркітілдес елдермен қарым-қатынас орнатқан. Сол секілді Орталық Азияда Қазақстан, Өзбекстан, тағы да басқа елдердің сарасында саяси ғана емес, халқының арасында тығыз қарым-қатынас болуы керек. Жаңа коммуникациялық жолдар табу ісінде медиа құрылымдар, бастысы журналистік қоғамдастықта жаңа платформалар құруымыз керек», – деді Әзірбайжан ұлттық телевизиясының саяси шолушысы Тофик Аббасов.

Ақпарат саласының кіл мықтылары форумда коронавирустан бөлек, сөз бостандығы, ақпарат ағынында жалған мәліметтердің көбейгені, Ауғанстандағы жағдай, экология секілді толғақты мәселелерді талқылады. 25 елден келген сарапшылар мен саясаттанушылар, журналистер қазақ жерінде өтетін медиа форумның аталған мәселелерді шешуде үлесі зор дейді.

«20 жыл ішінде форум өзінің маңыздылығын дәлелдеді. Қазір алаңда салмақты тақырыптар сарапқа салынатын болды. Мен үшін бұл халықаралық шарада медиа мәселесіне қатысты қозғалған тақырыптар өте қызық. Себебі жаһандағы соңғы өзгерістерге байланысты ақпарат құралдарына сенбеушілік пайда болды. Өйткені жалған жаңалық деген термин пайда болды. Біз осы фейк ақпарат деген түсінікпен күресуіміз керек», – деді журналист (АҚШ) Риз Хан.

Бұдан бөлек, айтулы шарада Қазақстанның 30 жылдық тәуелсіздігі де басты тақырыпқа айналды. Еңсерілген экономикалық, саяси, қаржылық қиындықтар мен жеткен толайым жетістіктер әңгімеге арқау болды. Аталмыш форум ертең де жалғасады. Дөңгелек үстелдер мен шеберлік кластары, пікір алмасулар аясында Euronews, Bloomberg қызметкерлері және арнайы қонақтар Тимур Бекмамбетов, Джарон Ланье, Ксения Собчак сөз сөйлейді деп күтілуде.

Асылбек Тойбек, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир