|
09.09.2020 | 20:59
6735

Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға деген көзқарас өзгерген жоқ – психологтар

Соңғы жылдары кең таралған аурулардың бірі балалар церебральды сал ауруы

 Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға деген көзқарас өзгерген жоқ – психологтар Аlmaty.tv

Елімізде сал ауруы және аутизммен ауыратын балаларға деген қарым-қатынас мүлдем дұрыс емес. Психолог мамандар осылай деп дабыл қағуда. Мәселен, денсаулығында кінәраты бар балалардың ата-аналары көпшіліктің олардан үнемі қашқақтайтынын айтады. Мұндай жандарға деген  моральдық-этикалық нормаларды қайтсек қалыптастырамыз? Айрықша көзқарас денсаулығында ауытқуы бар жандардың психологиясына қалай әсер етеді? Ерекше топтағы балалардың тұрмыс-тіршілігімен Almaty.tv тілшісі  Сымбат Ноғай танысып келді.

5 жасар Назарәліден 3 жасында аутизм анықталған. Ата-анасының айтуынша, бүлдіршінге басқа балалармен тіл табысу үлкен қиындық туғызуда. Себебі өзгелерден ерекше жанды құрдастары кері тартып, мазақ қылады екен.

«Қоғамдық орындарда көбіне сөгіс естиміз. Ұлымның ауруын білмейтін жандар балаңызды қатты еркелетіп жібергенсіз деп ескерту жасайды. Ол сөздерден кейін маған екі есе ауыр. Алайда баламды үйден шығармай, жасырып отырғым келмейді. Оның болашағына қатты алаңдаймын. Ұлым да адамдармен араласып үйренуі керек қой. Біз де мәңгі өмір сүрмейміз. Қоғамнан оның ерекшеліктерін қабылдап, түсіністікпен қарауын сұраймыз», – деді  қала тұрғыны Олеся Құсаинова.

Соңғы жылдары кең таралған аурулардың бірі балалар церебральды сал ауруы. Бұл кінәрат шала дамудың немесе онтогенезде мидың зақымдануынан пайда болады. Мұндай ауруы бар науқастарда психиканың, сөйлеудің, көрудің, естудің және сезімталдықтың бұзылуы байқалады. Сәлім есімді бүлдіршін де 7 айлығында сал ауруына шалдыққан. 1 жыл 9 айлық балақайдың туыстары оның болашағына алаңдаулы. Ал, бүлдіршіннің анасы денсаулығындағы ақауға дәрігерлерді кінәлап отыр. Бала көтеруді жоспарлап жүрген немесе құрсағында сәбиі бар келіншектерге толыққанды медициналық тексерістен өтуге кеңес беремін дейді ол.

«Екіқабат әйел келеді ғой, мысалы, емханаға. Сол кезде сенің балаң ертең сары болып туылса, сен мынандай нәрсе істеуің керек, дабыл қағуың керек немесе тым құрмағанда алдын алуың керек деген ескертулер болса деймін. Өйткені мен өз басым ешқандай ақпарат болған жоқ. Тіпті балам сары болып, мен қиналып тұрғанда, жан сақтау бөлімінің өзінде, шыққаннан кейін де емін жалғастырғанның өзінде сенің балаң ДЦП болады дегенді маған ешқандай дәрігер айтқан жоқ», – деді  қала тұрғыны Балжан Ахметова.

Мамандардың айтуынша, денсаулығында ауытқуы бар адамдарға аяушылықпен қарау дұрыс емес. Мұндай қарым-қатынас балалардың психологиясындағы үлкен соққы туғызады. Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға деген көзқарас әлі өзгере қойған жоқ дейді психологтар.

«Оларға жаңағыдай бір ауруы бар, бізден кем деп қарамау керек. Керісінше өзіне қалай сенсе, анау адамға да сондай сенімді ұялату керек жүрегіне. Сонда ол тек қана өзіне емес, анау адамға ғана емес, қоғамға да көмектеседі. Әрбір адам егер солай ойласа, қоғамымыз түзеледі деп ойлаймын», – деді психолог Лайық Ишекенова.

Мұндай жандарға қатысты қала тұрғындарында әртүрлі көзқарас қалыптасқан. Бірі аяушылықпен қараса, бірі байқамағандай өтіп кетемін дейді.

БЛИЦ-1: Жанымыз ашиды ғой енді олардың бәріне,  көмектесу керек, қарау керек.

БЛИЦ-2: Жәрдемдесу керек қой. Жәрдем көрсету керек. Ондай адамдардың барлығына, халықтан жинап ақшалай көмек берсе.

БЛИЦ-2: Жақсы қараймын. Ондайға мән бермейін. Олар ерекше балалар.

Статистика бойынша қазір Қазақстанда 5 мыңнан астам бала аутизм ауруына шалдыққан. Ал, олардың толыққанды қоғам мүшесі болып кетуі әркімге жүктелген жауапкершілікке байланысты дейді мамандар.

Сымбат Ноғай, Ғани Қалуов, Мұрат Тайжанов, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир