|
01.09.2021 | 20:00
4600

Міндетті вакцина салдыру мерзімі аяқталды

Қазір Алматыдағы медициналық ұйымдарда, мәдениет және спорт нысандарында, сондай-ақ сауда орындарында екпе салатын 160 пункт жұмыс істеп жатыр

Міндетті вакцина салдыру мерзімі осымен тәмам. Еліміздің бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес вакцина алмаған қызметкерлер бүгіннен бастап жұмыс орнына оңайлықпен кірмейді. Әр апта сайын ПТР-тест тапсырып, арнайы қағазды көрсетуі қажет. Ережені бұзған жұмыс берушілерге айыппұл салынады. Сонымен, міндетті екпе салдыру мерзімінің соңғы күні Алматыдағы қарқын қандай? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Оразай Нұртайдан білейік.

Қазір Алматыдағы медициналық ұйымдарда, мәдениет және спорт нысандарында, сондай-ақ сауда орындарында екпе салатын 160 пункт жұмыс істеп жатыр. Соның бірі  дәл осы Думан дәрігерлік амбулаториясында орналасқан.

«Менің ойымша, Отандық вакцина алдыңғы қатарда тұру керек. Себебі ол барлық тексеруден өткен. Жас буынның көбі дәл осы екпені салдырып жатыр», – деді Думан дәрігерлік амбулаториясының учаскелік дәрігері Сәуле Бижігітова.

Бүгінде бұл емханада "Спутник V", " Вера Селл" және "КазВак" екпесінің қос дозасы да бар. Медицина мамандарының айтуынша, иммундалуға келген тұрғындардың дені Отандық "КазВак" вакцинасын сұрайды екен.

«Осы отандық өнім "Казвак"-ты алған дұрыс деймін. Себебі, сараптама бойынша көп пациентте жанама әсер болған жоқ. Жақсы көтеріп  және жоғары сұранысқа ие болып жатыр», – деді Думан дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Гүлмира Бекмұхаева.

Індет меңдеп, өршіп кеткен тұста өзін және өзгені қорғау үшін екпе салдыруға келіп жатқандар қатары үзілмейді. Сондықтан екпе егу орны таңғы сағат 8-ден кешкі сағат 8-ге дейін жұмыс істейді.

«Өзімді және қоршаған ортаны қауіпті індеттен қорғау үшін осы "КазВак" вакцинасын алуды ұйғардым. Менің ойымша, осы вакцинаны алып, қауіпті індетті жеңеміз», – деді қала тұрғыны Шынар Болатова.

Айта кетейік, қыркүйектің бірі мен қазанның бірі аралығында Думан дәрігерлік амбулаториясында және қалалық № 2-емханасында екпе алған тұрғындар арасында теледидар ойнатылады. Ал, қала бойынша өткен тәулікте 4 мың 169 алматылық вакцина алды.

Оразай Нұртай, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир