|
09.06.2017 | 11:27
1522

«Думан» ықшамауданының тұрғындары жарықсыз отыр

«Думан» ықшамауданының тұрғындары жарықсыз отыр

«Думан» ықшамауданының мыңға жуық тұрғыны екі күннен бері жарықсыз отыр. Соның кесірінен пәтерлерде ыстық су тоқтап қалыпты. Тұрғындары шиттей балалар мен ораза тұтқандарға обал  болды деп қынжылуда. Бұқара қуат көзінен не үшін ажыратылды және электр энергиясы қашан қалпына келтіріледі тілшіміз біліп қайтты.

«Думан-2» ықшамауданы тұрғындарының барлығы осылай екі күннен бері зар илеп отыр. Кеше күндіз 11-лер шамасында жарық сөніп, халық өркениеттен ада қалған. Хапиза апаның үйінде шиттей немерелері мен ораза ұстаған жандар бар. Олардың ас-суына арналған тағамдар ыстық күнге шыдамай, бұзылып кетіпті. Қып-қызыл ақшаға сатып алынған азық-түлікті қоқысқа тастауға мәжбүр болдым дейді ақ жаулықты ана.

«Азық-түліктің барлығы бұзылып кетті. Сүттен жасалған өнімдер мен шұжықтар барлығы бұзылды. Тоңазытқыштың іші сасып кетті», - деді қала тұрғыны Хапиза ҚҰНАПЫШОВА.

«Күндіз сағат 11-де өшті. Содан осы өзіміздің ПИК-ке бардық. Сіздер жарыққа қарызсыздар, сондықтан өшіріп тастадық деп жауап берді», - деді қала тұрғыны Алмас САДЫҚ.

Бұқара әуелі қуат көзінен не себепті ажырағанын білмепті. Пәтер иелері кооперативі де есігін қағып, жауап алуға келген көпшілікке «жарық қарызы барлардың кесірінен ажыратылды» деп кесіп айтқан. Алайда, қуат көзінен қағылғандар жарықтың өшуіне өзге себептің болғанын анықтаған.

Тұрғындардың айтуынша, жарықтың сөнуіне мына жерде үй салып жатқан құрылысшылар кінәлі екен. Өйткені, олар ешкімге ескертпестен қазба жұмыстарын жүргізіп, тоқтарды үзіп кеткен. Алайда, ақауын жөндеместен іздерін суытыпты.

Енді құрылысшылар олақтығының кесірінен Думандағы 16 үйдің тұрғыны жарықсыз, одан қалды ыстық сусыз күн кешуге мәжбүр. Ал, осындағы халықты электр энергиясымен қамтып отырған компания қазір жерді қазып, желілерден шыққан ақауларды тексеріп жатыр.

«Екі жерден ақау шығып отыр. Нақты себебін білмеймін, авария болды. Қазір жұмысшылар істеп жатыр, түстен кейін жарық болады деп ойлаймыз», - деді Медеу аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ермек ТІЛЕКЕНОВ.

Жарықтың сөнгенінің нақты себебін білмеген жауаптылар, қазір қызу жұмысқа кіріскен. Олар жер астындағы желілердің ақау шыққан тұстарын анықтап әлек. Ал, тұрғындардың тілегі бір. Көп күттірмей, электр энергиясы қалпына келіп, қуат көзіне қосылсақ дейді.

Айдана Мейрамбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир