Тәуелсіздік алған соң өнер адамдарына шығармашылық бостандық берілді – режиссер

Еліміздің қоғам қайраткерлері ел егемендігіне дейін өнер саласына жасалған қысым-қиянатты ашына еске алады

Тәуелсіздік алған соң өнер адамдарына шығармашылық бостандық берілді – режиссер Almaty.tv

Кеңес Одағы кезінде цензураға ұшырамаған сала қалмады. Еліміздің қоғам қайраткерлері ел егемендігіне дейін өнер саласына жасалған қысым-қиянатты ашына еске алады. Олардың айтуынша, ұлттық құндылықтар мен салт-сана ұғымдары үкімет жүргізген саясатқа қарама-қайшы деп танылған. Болашағы бұлыңғыр көрінген театр саңлақтары шығармашылық еркін­дік жолында қандай қиындықтарды еңсерді? Тақырыпты Almaty.tv тілшісі тарқатады.

Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек – қалалық мемлекеттік қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі. Еліміздің еңбек сіңірген қайраткері 1975 жылдан бастап бірнеше театрды басқарды. Режиссер «Кеңес дәуірінде әрбір қи­мыл-қозғалысымызды, айтатын сөзімізді мұқият ойластыратынбыз» дейді. Себебі бір ғана «қате» сөз үшін жалпы ұжымның еңбегі ел алдына шықпай қалатын кездер де болған. Мәселен, Талдықорған облыстық қазақ драма театрындағы кезекті қойылымдардың бірінде «Наурыз көже пісіріп жейік» сөзі үшін сөгіс алған. Алдын ала тексеру кезінде арнайы комиссия мүшесі идеологияға қайшы сөз сценарийден алынбаса, спектакль шықпайды деп бопсалапты.

«Бұл үлкен діни ұғым. Сен білесің ғой, біздің мемлекетте дін деген болмайды, айналайын» деді. Мен «Аға, менің білуімше, Наурыз деген ешқандай дінге жатпайды. Діннің алдында, көшпенді халықтан пайда болған дүние. Мен өзімше зерттеп көргенмін» деймін. Жеме-жемге келген кезде сол сөз үшін ағамыз «Онда былай болады: не сол сөзді жібереміз, не спектакльді тоқтатамыз. Екінің бірі» деп шарт қойды. Сонымен мен көндім», – деп еске алады ҚР еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек.

Режиссердің айтуынша, көкейіндегісін паш етіп, іште буырқанып жатқан рухты серпіліп шығармаған таланттан қуат кетеді. Өнер қасиеті мен құдіретіне сызат түседі. Ал Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін халыққа еркіндік беріліп, шығармашылық бостандығы тиді. Мәдениет саласы бірте-бірте цензураның шырмауынан арыла бастады.

«Біздің, өнер адамдарының ең бірінші құралымыз – біздің ойымыз. Егер біз сахнаға шығып, өзіміздің ойымызды анық, ашық, еркін айта алмасақ, онда оның несі өнер», – дейді Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек.

Егемендіктің келуімен еліміздің іргетасы бекемделді. Ел Тәуелсіздігі өнер, мәдениет, әдебиет қызметкерлерінің шығармашылықтың дербес аралында еселі еңбек етуіне жол ашты.

Сымбат Ноғай, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир