Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жәбір көргендерге арнайы орталық көмек көрсетпек

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жәбір көргендерге арнайы орталық көмек көрсетпек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жәбір көргендерге арнайы орталық көмек көрсететін болады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көмегімен арнайы пилоттық жоба қолға алынды. Оның аясында көмекке жүгінген азаматтарға 8 түрлі әлеуметтік қызмет тегін көрсетіледі.

Баян Байғазиева қазір мамандардың қарауында. Осыдан екі жыл бұрын болған оқиға оның есінен әлі кетер емес. Келіншектің айтуынша, 10 жыл отасқан күйеуі оны қасақана өртеп жібермек болған. Өз үйінде үстіне жанармай құйып, жағып жіберген. Салдарынан денесінің 20 пайызын күйік шалған. Бұл жағдайдан кейін жәбір көрген ол күйеуімен ажырасып кеткен. Араларында 3 бала бар. Ең кенжесі анасының қасында, ал қалған екі баласын келіншектің сөзінше, сот шешім шығарса да, күйеуі бермей жүр екен.

«Қылмыстық іс 3 рет тоқтатылды. Енді соңғы рет Қарасай ауданында сотта қарастырылды. Ол жерде іс Талдықорғанға жіберілді. Сол Талдықорғаннан 24 мамырда қайтадан тергеуге жіберілді. Сол кезден бастап ешқандай іс әрекет жүрген жоқ бұл іс бойынша. Енді бұл іске дұрыс мән берілмеген себептен басқа жағдайлар туындады. Менің жаңағы бұрынғы күйеуім маған менің балаларымды қайтармай жатыр. Соттың шешімі бойынша 3 бала да анасымен тұрсын деген шешім шығарылған»,- деді Қала тұрғыны, Баян БАЙҒАЗИЕВА.

Алматыда Баян сынды отбасында қорлық көргендерге арнайы орталық мамандары көмек көрсететін болады. Жәбір көрушілерге 8 түрлі әлеуметтік қызмет тегін көрсетіледі. Тіпті, онда тек күндіз ғана көмек беріліп қана қоймай, баспанамен қамту да қарастырылған. Ол өз жұмысын осы жылдың шілде айынан бастаған. Пилоттық жоба Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен қолға алынды. Қазір 21 адамға қызмет көрсетілуде. Оның ішінде 7-уі әйел болса, қалғандары балалар.

«20 қызмет алушыға республикалық және жергілікті бюджеттен ақша қаражаты бөлінген. Биыл әлеуметтік тапсырыс шеңберінде біздің басқармамен үкіметтік емес ұйым арасында осы ағымдағы жылдың 29 маусымында Қазақсатнның тең құқық пен тең мүмкіндіктер қорымен шарт жасалды. 20 адамға жылдың соңына дейін. Осы шарттың іске асуы ағымдағы жылдың 1 шілдесінен басталды»,- деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бөлімінің бас маманы, Әлия ҮЙСІМБАЙ.

«Көмегіміз тегін. Қай уақытта болса да келе береді. Сонан соң бізде телефондарымыз бар. Сенім телефонымыз бар. Оның нөмірі 317-57-17 оған тәулік бойы хабарласып тұруға болады. Екінші телефон нөміріміз бар ол 272-04-57 оған да телефон арқылы хабарласып осында келіп, күндізгі уақытта қабылдаймыз»,- деді Тұрмыстық зорлық-зомбылық жәбірленушілеріне арналған «arasha» баспананың директоры, Маргарита ӨСКЕМБАЕВА.

Елімізде отбасында зорлық көрген әйелдер саны азаяр емес. Өткен жылы отбасында болған қылмыс көрсеткіші алдыңғы жылмен салыстырғанда 90 пайызға артқан. Нәтижесінжде 36 әйел мен бір бала қайтыс болған. Екі жарым мыңға жуық әйел зорлық көріп, 742-сі өзіне қол салған.

Перизат Көмекбайқызы, Арсен Сандыбаев, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров