Алматыда бірнеше адамның өліміне себеп болған жол апаты ісі бойынша №47 автобустың жүргізушісінен жәбірленуші ретінде жауап алынды. Бұл туралы қалалық ПД мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ведомствоның ресми өкілінің мәлімдеуінше, қазір оқиғаға қатысты тиісті сараптама тағайындалған. Заңды шешім соның қорытындысы бойынша қабылданатын болады.
– Үш адамның өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша Алматы қалалық ПД анықтау басқармасымен ҚР ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігі, 351-бабы 3-бөлігі және 293-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс тіркелді.
Айта кетейік, қоғамдық көлік жүргізушісі К. есімді азаматшадан, жәбірленуші ретінде қылмыстық істер аясында жауап алынды, – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Еске салсақ, 22 желтоқсанның кешкі уақытта қоғамдық көлік бір топ адамды қағып, 3 азамат көз жұмды. Біразы ауруханаға жатқызылған еді. Сол кезде апатқа дейін автобус ішінде жанжал болғаны, жолаушының рөлде отырған жүргізушіні ұрып, естен тандырғаны мәлім болды. Кикілжің салдарынан көлік басқарусыз қалып, соңы осындай қайғылы жағдайға әкелгендігі айтылды. Полицейлер жүргізушіге қол көтерген адамды сол сәтте-ақ ұстап, ертесі оны 2 айға сотқа дейінгі қамауға алғанын хабарлады. Кейінірек әлеуметтік желіде қоғамдық көліктің ішінде болған кикілжіңнің видеосы да тарады. Бүгінде қылмыстық істе соққы алған жүргізуші әйел де күдікті деп танылды деген қауесет бар.
Оқи отырыңыз: Ақтөбеде жеңіл көлік көлге батып кетті