|
28.10.2021 | 15:19
666

Алматыда Ахмет Жұбановтың туғанына 115 жыл толуына орай конференция өтті

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік іс-шараға ғалымдар мен музыкатанушылар қатысты

Алматыда Ахмет Жұбановтың туғанына 115 жыл толуына орай конференция өтті Almaty.tv

Қазақ музыкасын шарықтау шегіне көтерген ұлы тұлға – Ахмет Жұбановтың туғанына биыл 115 жыл. Осыған орай, Алматыда «Ұлт мәдениетіндегі рухани құндылықтар: ғылым мен өнер әлеміндегі Жұбановтар әулеті»  атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Іс-шараға белгілі ғалымдар, музыкатанушылар композитордың жан-жақты азамат болғанын жарыса айтты. Музыка саласының биік шыңын бағындырған Ахмет Жұбанов адамға ең керегі білім екенін  айтудан жалыққан емес дейді Ажар Ахметқызы.

«Әкем көп оқыған, білімді адам болатын. Әкемнің арманы – балаларының жақсы оқып, білікті маман болғаны. Бәріміз Мәскеуде білім алдық, әкемнің арманы орындалды», – деді А.Жұбановтың қызы Ажар Жұбанова

Көне музыкалық шығармаларды жүйелеу арқылы, қазақ өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Ахмет Жұбановтың ізбасарлары да аз емес. Өткізілген іс-шараға өзі қалап кеткен білім ордасының дүлдүлдері де келіп, өнер жанашырының сара жолын сайратып, жылы естеліктерін бөлісті. Сондай-ақ сазды аспаптармен жанға демеу, көңілге медеу болатын әуендер орындап, аға ұрпақтың еселі еңбегін өскелең ұрпаққа үлгі етті.

«Республиканың түкпір-түкпіріндегі, шалғайдағы қазақ балаларын, дала дарындарын жетілдірсем, елге танытсам деген арман-мақсаты, мектеп ашуға алып келді. Бұл күнде ұлы арманы жүзеге асып, еккен ағашы қанатын кең жайып, жемісін беріп жатыр. Қазақ өнерінің мақтанышына айналған өнер қайраткерлері осы мектептен түлеп ұшты», – деді А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп директоры Нұркен Әшіров.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир