|
01.06.2018 | 21:47
2305

3 тілді жетік білетін мемлекеттік қызметкерлер сайысқа түсті

3 тілді жетік білетін мемлекеттік қызметкерлер сайысқа түсті

Алматыда мемлекеттік қызметкерлер арасында «Тіл шебері» атты байқау өтті. Сайыста 20 қатысушы бақтарын сынады. Олар бастысы 3 тілді жетік меңгергендіктерін, еліміздің тарихы мен географиясын білетіндіктерін көп алдында дәлелдеулері тиіс. Конкурстың жүлде қоры 650 мың теңге. Сондай-ақ биыл ынталандыру сыйлықтар да қарастырылып отыр.

25 жастағы Қалибек Ақылбековтың мемлекеттік қызметте жүргеніне биыл төртінші жыл. Жас маман бос уақытының жоқтығына қарамастан, өз ниетімен байқауға қатысуды жөн деп шешкен. АҚШ-тың Хьюстон қаласында оқыған ол ағылшын тілін жетік біледі. Сондай-ақ қазақ және орыс тілдерінде ойын еркін жеткізе алады.

«Негізі мемлекеттік қызметкер бәрін білуі керек. Өйткені біз ел үшін жұмыс істейміз. Идеалымыз сол Елбасы болады. Сол сияқты болғымыз келеді. Бәрін біліп, бәрімен жақсы қарым-қатынаста. Географиядан бастап, тарих пен сыртқы саясатпен»,-деді Алматы қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім басшысы Қалибек АҚЫЛБЕКОВ.

"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ұйымдастырылған байқауға 21 мен 29 жас аралығындағы мемлекеттік қызметкерлер қатысты. Конкурс төрт кезеңнен, "Ұлтаным", "Мәдениеттаным", "Елтаным" және "Өнертаным" деген бөлімдерден тұрады. Байқауда қазақ елі тарихы мен ұлы тұлғалары жайлы қазақ тілінде, салт-дәстүр, ділі мен тілі жөнінде орыс тілінде, ал еліміздің аймақтары жайлы ағылшын тілінде айтып беруі керек. Сондай-ақ қатысушылар өз таңдауы бойынша өнерлерін көрсетеді.  

«Конкурстың мақсаты - қазіргі біздің Қазақстанның мемлекеттік қызметшілерінің бейнесін таныту, соны көрсету. Яғни, үш тілді қатар меңгерген, мәдениет пен өнерден, ұлттың тарихынан, елдің тарихынан хабары бар. Жан-жақты, білімді, жан-жақты дайындалған»,-деді Алматы қаласы тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Бақыт ҚАЛЫМБЕТ.

Дәстүрге айналған сайыста қазылар алқасы мемлекеттік қызметкерлердің сөз саптауы, ойын жеткізе білу шеберлігіне аса мән берді. Айта кетейік, конкурстың жеңімпазы Алматы қаласының атынан республикалық жарысқа қатысуға мүмкіндік алады.

Жадыра Омаржан, Рәшид Шүкірәлиев, Алматы телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир