|
19.01.2023 | 19:11
14035

Кішкентай математик: есепке жүйрік Ислам – 4 жаста

Оның 3 әпкесі де оқуда озат

Кішкентай математик: есепке жүйрік Ислам – 4 жаста Almaty.tv

Шардаралық 4 жасар Ислам Көпбай есеп шығарудан алдына жан салмайды. Оның әлеуметтік желіде тараған видеосы 1 күннің ішінде мыңдаған қаралым жинап үлгерген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әп-сәтте әлеуметтік желіде танымал болған 4 жасар есепші Ислам Қанатбекұлы Түркістан облысының Егізқұм ауылында тұрады. Оның есеп-қисапқа қызығушылығы 3 жасында байқалған. Тілі дұрыс шықпай жатып, санауды үйреніп алыпты. Қазір мыңдықтарды ойланбастан қосып, алатын бүлдіршін енді көбейту кестесіне көшіпті.

« 3 жердегі 3 қанша? - 9. 5 жердегі жетің қанша? - 35. Мұның бәрін қалай үйрендің? Жако апкем үйретті», – деді Шардара ауданының тұрғыны Ислам Көпбай.

Анасының айтуынша, Исламның есте сақтау қабілеті жақсы. Қосу, алу, есептеу әдісін ол әпкелері сабақ оқып отырғанда жағаласа жүріп, үйреніп алған көрінеді. Ауылдастары да кішкентай балақайдың есептей алатынын қызық көріп, оны көшеде тоқтатып алып, сұрақ қоюды әдетке айналдырған екен.

«Исламның қызығушылығы 3 жасынан басталды. Әпкелерінің жанында отырып, 2 таңбалы сандарды қосып айта беретін еді. Қазір 4 таңбалыны сандарды айта береді. 1250 деп жазып берсек, параққа өзі шығарып тастайды. 9999 деп қиынырақ қоямыз. 4 таңбалыны қарайды да, жауабын айта береді», – деді И. Көпбайдың анасы Гүлнәр Қонарбаева.

Исламның математикаға жақын болуы бекер емес. Атасы Көпбай да есеп десе алдына жан салмайтын азамат болған екен.

«Үлкен әпкелері сабақ оқып жатқанда қасында жүріп, үйреніп алатын. Басында машинаның маркасын тез жаттап алатын. Атасы есепке жүйрік еді, қанмен дарыған болар», – деді И. Көпбайдың ағасы Қайрат Таңжарбаев.

Бұл отбасында есепке жүйрік жалғыз Ислам ғана емес. Оның 3 әпкесі де оқуда озат. Ата-анасы бастапқыда белгілі себептермен видеоның әлеуметтік желіде таралуын қаламаған екен. Қазір балақайға түрлі телебағдарламалардан шақыртулар келіп түсіп жатыр екен.

Әсел Мәлік, Абзал Тұрабек, «Алматы» телеарнасы, Шымкент

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир