|
11.01.2021 | 14:20
3677

Рафаэль Гасанов: Алғашқы тәжірибе болғандықтан, үйренеріміз әлі көп

Оның айтуынша, бақылаушылар жұмысында кемшіліктер болды

Рафаэль Гасанов: Алғашқы тәжірибе болғандықтан, үйренеріміз әлі көп

Бүгін онлайн-брифинг барысында «Сайлаудағы әділ және адал бақылау туралы» Хартияның бастамашысы Айгүл Соловьева мен «Жастарға жол» қоғамдық қорының бақылаушылар штабының жетекшісі Рафаэль Гасанов сайлаудағы бақылаушылар жұмысының қорытындылары туралы айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Брифингті «Сайлаудағы әділ және адал бақылау туралы» хартиясының бастамашысы Айгүл Соловьева бастап, сайлаушыларға және сайлаудың талапқа сай өтуіне атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.

«Хартияның бастамашысы ретінде сайлау халықаралық стандарттар негізінде жүргізілді деп айта аламын. Саяси дода үш кезеңмен өтті. Біріншісі – учаскелерді дайындаудың сайлауға дейінгі мониторингі. Халықаралық мамандардың «сайлаудың ашық әрі әділ өтті» деген пікірі бізді қуантты. Учаскелер уақытылы ашылды, барлығында мобильді медициналық кабинеттер болды және сайлаушылардың дауыс беруі үшін қажетті жағдай жасалды. Екінші – сайлау күнінде өрескел заң бұзушылықтар болмады, нақты ақпарат барлық фактілер мен деректер жиналған соң айтылады. Партиялар мен БАҚ жұмысы да жоғары деңгейде болды. Қазір біз келіп түскен барлық деректі талдап, халықаралық ұйымдарға есеп беру үшін дайындайтын үшінші кезеңдеміз», – деді А.Соловьева.

Брифингті Рафаэль Гасанов жалғастырды. Ол барлық азаматтарды сайлаудың аяқталуымен құттықтады. Сайлау кезінде халыққа шынайы ақпаратты тез жеткізгені үшін БАҚ қызметкерлеріне алғысын білдірді.

«Атқарылған жұмыстың нәтижелері жаман емес. Таңғы сағат 10 - да біздің сарапшылар штабтың жедел желісіне түскен барлық деректерді және тәуелсіз бақылаушылардың хаттамаларын зерттеді. Сайлау сәтті өтті деп айтуға болады, біздің бақылаушылар сайлау процесінің өрескел бұзылғанын немесе сайлаушылардың азаматтық құқықтарының шектелгенін кездестірмеді», – деді Р. Гасанов.

Сонымен қатар, Р.Гасанов сайлау барысында құқық бұзушылық мүлде болмады деуге келмейтінін айтты.

«Біз әлеуметтік желілер мониторингінен келіп түскен, «арандатушылық» сипаттағы ақпаратты ескермедік. Кеше аталған фактілерді растау немесе жоққа шығару үшін ресми органдарға күні бойы сұрау салдық. Фактілердің түпнұсқалығын анықтап, процессуалды шешім қабылдау үшін құжаттар тиісті қадағалау органдарына беріледі», – деді Р.Гасанов.

Оның айтуынша, бақылаушылар жұмысында кемшіліктер болды.

«Қазір біз нұсқаулыққа, бақылаушыларды даярлау жөніндегі жұмысқа бірқатар өзгертулер енгізу қажет екенін түсіндік. Алғашқы тәжірибе болғандықтан, үйренеріміз әлі көп», – Р. Гасанов.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир