|
08.02.2023 | 20:05
3755

Зілзала: Үйінді астынан табылып жатқандардың көбі – бала

Қираған қалаларда 97 мың құтқарушы жұмыс істеп жатыр

Зілзала: Үйінді астынан табылып жатқандардың көбі – бала Almaty.tv

Түркия мен Сириядағы жер сілкінісінен қаза болғандардың саны 10 мыңға жуықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қиранды астында қалғандарды құтқару үшін алдағы 72 сағат шешуші рөл атқарады. Түркия билігі қазір ел аумағындағы іздестіру-құтқару жұмыстарына  97 мың маманның жұмылдырылғанын жеткізген еді. Әлі де әлем елдерінен апат ошақтарына арнайы жасақ аттанып жатыр.

Үйінді астынан табылып жатқандардың көбі – бала. Түркия билігі бүгін осындай мәлімдеме жасады. «Қираған үй астында 40 сағаттан артық қалып қойған балдырғандарға қазір ең керегі – психологиялық көмек» дейді үкімет басшысы. Қазір елде қиын сәтте қалғандарға қол ұшын созу үшін мүмкін деген барлық амал қолданылып жатыр. Тіпті ел азаматтары QR-код арқылы ақша жинайтын бірыңғай шот ашқан.

БЛИЦ:

– Бүкіл ел болып көмектесіп жатыр. Біз қираған үйімізге емес, жоғалтқан адамдарымызға күйінеміз. Жанымыз ауырады. Ең бастысы, апат қайталанбасын! Қалғанының бәрі қалыпқа келеді.

– Бауырмалдық танытқан әр адамға алғыс айтамыз! Қазір біз қауіпсіз жердеміз, бірақ отанымыз, тұрғын үйлер күйреп қалды. Өкінішті.

– Қолымыздан келгенше көмек көрсетеміз. Бастысы - бастың амандығы. Қиындықты бірге еңсеру үшін күш керек.

Ал Түркияның Әділет министрі оңтүстік-шығыстағы сейсмологиялық ахуалға бей-жай қарағандардың жауапқа тартылатынын айтты. «Табиғи апат болғанымен, адами фактор назардан тыс қалмауы тиіс» деген ведомство басшысы сот процесі қатаң бақылауда болатынын жеткізді. Оның айтуынша, осы сәтте ел прокурорларының кәсібилігі сынға түспек.

«Дәл қазір біз үшін адамдарды аман алып қалу аса маңызды. Үйінді астындағы азаматтарымызды құтқарғаннан кейін сот процесі туралы толыққанды мәлімет береміз. Немқұрайлық танытқандар мен теріс ниетті жандар қатаң жауап береді», – деді Түркияның әділет министрі Бекир Боздаг

Түркияда 12 ақпанға дейін аза тұту жарияланған еді. Қазір әлем елдерінің туы ілінген Солтүстік Атлантикалық келісім ұйымының (НАТО) штаб пәтерінде де қаралы күй. Қоса кетейік, бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасының елшілігінде болып, бауырлас елдің қайғысына ортақтасатынын айтқан еді. Көңіл айтқан Мемлекет басшысы Қазақстан тарапынан қажет көмектің бәрі көрсетілетінін жеткізген.

Қазір қираған қалаларда 97 мың құтқарушы жұмыс істеп жатыр. Уақытша пана есебінде зардап шеккен азаматтарға 70 мыңнан аса шатыр құрылыпты. Осы тұста айта кету керек, Түркия үкіметі қиын шақта қол ұшын созған әлем елдеріне алғысын білдіреді. Бүгінгі баспасөз отырысында әр аумақтағы апат ошағында 5309 шетелдік құтқарушының бар екені айтылған еді. Олар Сыртқы істер министрлігімен жүргізілген арнайы келіссөзге сәйкес жұмыс істейді.

Мадина Оқас, Алмат Ілиясов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир