|
10.04.2024 | 19:49
293

Таза Қазақстан – таза аймақ: Қызылорда облысында 30 мыңға жуық көшет отырғызылды

Акция төрт аудан орталығы мен 90-нан астам ауылды қамтыды

Таза Қазақстан – таза аймақ: Қызылорда облысында 30 мыңға жуық көшет отырғызылды Almaty.tv

«Таза Қазақстан – таза аймақ». Сыр өңірінде экологиялық акцияға бір күнде екі мыңнан астам қызылордалық үлес қосқан. Ал көктем басталғалы облыста 30 мыңға жуық көшет егілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сыр өңіріндегі Нағи Ілиясов ауылында 2 мыңнан аса халық тұрады. Соңғы он жылда елдімекенде 35 мың түп ағаш егілген. Сондай-ақ жылына 3,5 гектарға жуық алаңқай көздің жауын алатын гүлзарға айналады. «Таза Қазақстан» акциясына ауылдастарымен бірге Қазақстанның еңбек ері Абзал Ерәлиев  үлес қосты.

– Соңғы 10 жылдың көлемінде 35 мың түп ағаш егіп, оны көктетіп отырмыз. Жылына кем дегенде 100-120 миллион теңге ақша абаттандыруға, көгалдандыруға жұмсалады. Қазір 3,5 гектардай гүл егіледі. Ағаштарды қайта-қайта жаңғыртып жатырмыз, – деді Қазақстанның еңбек ері Абзал Ерәлиев.

– «Айналаңдағы өзгерісті қаласаң, өзіңнен баста» демекші, тазалықты әркім өз ауласынан, көшеден, әр ғимарат алаңқайынан басталатынын толық ұғыну қажет. Ауылымыздағы көшелер, арықтар қоқыстан толық тазартылды, – деді ерікті Гүлзат Амангелдиева.

«Қызылорда тазалығы» – қаланы көркейту-көгалдандыру жұмыстарына айрықша атсалысып жүр. Былтыр бұл мекеменің материалдық-техникалық базасы жаңарған. Аталған ұжым қаладағы кемі 400 көшеге тазалап, тәулігіне 780 текше метр қоқысты арнайы полигонға төгеді.

– Тазалық жұмыстары бойынша бір мезетте 75 арнайы техника және 200-ден астам жұмысшы шығарамыз. Соңғы 2 жылда мекемеміздің материалдық техникалық базасын жаңғыртуға облыс әкімінің қолдауымен 2 млрд 153 млн арнайы техника алынды. Қаламыз  күннен-күнге ұлғаюда. Осыған байланысты қоқыс полигонына шығарылатын тұрмыстық және қатты қалдықтардың көлемі де артты, – деді  «Қызылорда тазалығы» мекемесі басшысының міндетін атқарушы Сапарғали Асылбеков.

«Хорасан ата» мазаратына жылына 10 мыңға тарта адам келеді. Олардың қатарында шетелдіктер де көп. Киелі жерлерді күтіп ұстауды аманат деп қарайтын баба ұрпағы жыл сайын кесене аумағында тазалық жұмыстарын жүргізуді дәстүрге айналдырған. 90 гектар жердің бір бөлігінде қонақ үй салынып, арнайы бақ өсірілді. Үш мыңнан астам ағаш отырғызылған бауда еліміздің әр түкпірі мен Бұқара, Самарқаннан әкелінген жеміс ағаштары да бар.

– Демеушілердің көмегімен киелі жерлерді абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. 100 миллионнан аса қаражат бөлініп, асфальт төселді, жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Аула толық абаттандырылды, – деді Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов.

Экоакция барысында 100-ден аса студент Қорқыт ата университетінің Ботаникалық бағына 500 көшет отырғызды. Бұл аумақ қалаға көрік беретін жасыл желек қана емес, студенттердің тәжірибелік базасы. Акция төрт аудан орталығы мен 90-нан астам ауылды қамтыды. Бір күнде 300 тоннадан астам қоқыс шығарылған.

Айта кету керек, былтырдан бастап ауылдық елдімекендерді дамыту аясында Қызылорда облысында «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізіліп келеді. Аталған байқау қорытындысы бойынша 12 елдімекенге заманауи үлгідегі 29 арнайы техника табысталған.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, «Алматы» телеарнасы. Қызылорда облысы

Оқи отырыңыздар: Олимпиада чемпионы алматылықтарды «Алматы - біздің ортақ үйіміз» науқанына қосылуға шақырды


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир