Комиссияны Марат Қарабаев басқарады
Ақтаудағы ұшақ апатын тергеп-тексеру комиссиясын ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев басқарады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Көлік министрлігінің баспсөз қызметінен хабарлағандай, комиссия төрағасының орынбасары, тергеу жөніндегі уәкіл — көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу Департаментінің директоры Нұржан Малаев.
Министрлікке қарасты бұл комиссия Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқаратын Үкіметтік комиссияның құрамына кіреді.
"ҚР Көлік министрлігі Комиссиясының басты мақсаты — авиациялық оқиғаның себебін анықтап, болашақта осындай жағдайды алдын алып, болдырмау үшін ұсынымдар әзірлеу. Бүгін Марат Қарабаевтың төрағалығымен штабта барлық 17 халықаралық сарапшының қатысуымен жиналыс өтті", - делінген хабарламада.
Комиссия жұмыс жоспарын нақтылады. Комиссия оқиға орнына толық құраммен бірге барып, апатқа ұшыраған әуе кемесінің элементтері жиналатын арнайы ангарды қарайды. Әуе кемесінің элементтерін жинайтын күн бірлесе бекітіледі.
Еске салайық, еше 25 желтоқсанда сағат 11.30-да Баку-Грозный бағытында ұшып бара жатқан Azerbaijan Airlines әуе компаниясының әуе кемесі Ақтау әуежайынан 3 км жерде апатқа ұшырады.
Сағат 11.35-те келген құтқарушылар өртті сөндіруге кірісті, ал сағат 12.05-те өрт толығымен сөндірілді. Апат болған жердің жалпы ауданы 4 200 шаршы метрді құрады.
Ұшақтың бортында 67 жолаушы, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Ақтау қаласының медициналық мекемелеріне 29 адам жеткізілді, оның ішінде 3 кәмелетке толмаған құтқарылды. Дәрігерлер ауруханаға жеткізілген 7 науқастың жағдайы өте ауыр екенін айтты.
Қаза тапқандардың 38 мәйіті табылды, олар медициналық сараптама орталығына жеткізілді, олардың ішінде 6 Қазақстан азаматы және 3 экипаж мүшесі бар. 10 адамның денесі анықталды. Апатқа ұшыраған ұшақта болған қазақстандықтар тірі қалмағаны белгілі болды. Кейіннен қаза болған қазақстандық азаматтардың отбасына қаржылай көмек көрсетілетіні белгілі болды.
ТЖМ Ақтау маңындағы ұшақ апаты болған жерден видео жариялады.
Оқиға салдарын жоюға Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Қорғаныс министрліктерінен, Ұлттық ұланнан, мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтінен, Апаттар медицинасы орталығынан, жедел медициналық көмек бригадасынан және жергілікті атқарушы органдардан 492 адам, 102 бірлік техника, 2 әуе кемесі және 10 кинологиялық есептоп, оның ішінде Астана қаласынан барған санитарлық борт жұмылдырылды. Ұшақ апатынан зардап шеккен жолаушыларға Қанат Бозымбаев барды.
Қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды.
Сондай-ақ Әзербайжаннан Ақтау қаласына келген делегация ауруханада жатқан отандастарын еліне алып кетті. Сонымен қатар маңғыстаулықтар ұшақ апатынан зардап шеккен 9 ресейлік азаматты Мәскеуге шығарып салды. Ал ұшақта болған Қырғызстан азаматтары тірі екені айтылды.
Айта кетерлігі, ұшақ апаты кезінде алғашқы болып қосалқы стансасының мамандары көмек көрсеткен.
Алматылық жастар ұшақ апатынан зардап шеккендер үшін қан тапсырып, тұрғындар марқұмдардың рухына тағзым етті.
Оқи отырыңыз: Ұшақ апаты: 17 халықаралық сарапшының барлығы Ақтауға келді