Әзербайжан басшысы Қазақстан Үкіметіне алғыс айтты
Мемлекет басшысы Әзербайжан Президентімен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президенттер қайғылы оқиғаға байланысты бір-біріне көңіл айтып, Маңғыстау облысында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines ұшағында қаза тапқан азаматтардың отбасылары мен жақындарына сабыр тіледі.
"Қасым-Жомарт Тоқаев оқиғаны тергеу жөніндегі арнайы мемлекеттік комиссия жұмысы туралы мәлімет беріп, Қазақстан тарапы ұшақ апатын жан-жақты және объективті түрде зерттеуге бар күш-жігерін салатынын жеткізді", - делінген хабарламада.
Ильхам Әлиев іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу және зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша шұғыл әрекет еткені үшін Қазақстан Үкіметіне алғыс айтты.
Тараптар қайғылы оқиғаның мән-жайы толықтай анықталғанша екі ел үкіметтерінің құрылымдары тығыз байланыста болады деп уағдаласты.
Еске салайық, еше 25 желтоқсанда сағат 11.30-да Баку-Грозный бағытында ұшып бара жатқан Azerbaijan Airlines әуе компаниясының әуе кемесі Ақтау әуежайынан 3 км жерде апатқа ұшырады.
Сағат 11.35-те келген құтқарушылар өртті сөндіруге кірісті, ал сағат 12.05-те өрт толығымен сөндірілді. Апат болған жердің жалпы ауданы 4 200 шаршы метрді құрады.
Ұшақтың бортында 67 жолаушы, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Ақтау қаласының медициналық мекемелеріне 29 адам жеткізілді, оның ішінде 3 кәмелетке толмаған құтқарылды. Дәрігерлер ауруханаға жеткізілген 7 науқастың жағдайы өте ауыр екенін айтты.
Қаза тапқандардың 38 мәйіті табылды, олар медициналық сараптама орталығына жеткізілді, олардың ішінде 6 Қазақстан азаматы және 3 экипаж мүшесі бар. 10 адамның денесі анықталды. Апатқа ұшыраған ұшақта болған қазақстандықтар тірі қалмағаны белгілі болды. Кейіннен қаза болған қазақстандық азаматтардың отбасына қаржылай көмек көрсетілетіні белгілі болды.
ТЖМ Ақтау маңындағы ұшақ апаты болған жерден видео жариялады.
Оқиға салдарын жоюға Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Қорғаныс министрліктерінен, Ұлттық ұланнан, мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтінен, Апаттар медицинасы орталығынан, жедел медициналық көмек бригадасынан және жергілікті атқарушы органдардан 492 адам, 102 бірлік техника, 2 әуе кемесі және 10 кинологиялық есептоп, оның ішінде Астана қаласынан барған санитарлық борт жұмылдырылды. Ұшақ апатынан зардап шеккен жолаушыларға Қанат Бозымбаев барды.
Қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды.
Сондай-ақ Әзербайжаннан Ақтау қаласына келген делегация ауруханада жатқан отандастарын еліне алып кетті. Сонымен қатар маңғыстаулықтар ұшақ апатынан зардап шеккен 9 ресейлік азаматты Мәскеуге шығарып салды. Ал ұшақта болған Қырғызстан азаматтары тірі екені айтылды.
Айта кетерлігі, ұшақ апаты кезінде алғашқы болып қосалқы стансасының мамандары көмек көрсеткен.
Алматылық жастар ұшақ апатынан зардап шеккендер үшін қан тапсырып, тұрғындар марқұмдардың рухына тағзым етті.
Оқи отырыңыз: Си Цзиньпин Мемлекет басшысына көңіл айту жеделхатын жолдады