|
15.12.2023 | 19:40
8342

Елімізде 6 облыста республикалық маңызы бар жолдар жабылды

Ұзынағаш маңында да көліктер кептелісте тұр

Елімізде 6 облыста республикалық маңызы бар жолдар жабылды Almaty.tv

Тосын мінез танытқан ауа райының қолайсыздығынан елдің 6 облыстағы республикалық маңызды жол тораптары уақытшы жабылды. Көлік министрлігінің мәліметінше, қар құрсауында қалған қара жолды тазалау жүргізіліп жатыр. Ал бұл іске жұмылдырылған жұмысшылардың көбі қазір үсік шалған жолаушыларды құтқаруға кіріскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қауіпсіздік үшін бекеттер қойылған Алматы-Ташкент тасжолында да қозғалыс қиындап, жолаушылар посттан өтуге талпынған.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілдері Қордай ауданындағы асудың 203-шақырымынан қар құрсауында қалған көліктердің видеосын жолдады. Бейнеде темір тұлпарлардың қар астынан көрінбей қалғанын байқауға болады. Ал маңынан тірі жан байқалмайды. Ондағылар қазір асудың әлі де қауіпті екенін жеткізіп, жолға шықпауды сұрады. Алайда Алматы-Ташкент бағытындағы бекеттерден өтуге талпынғандар саны арта түскен.

Ұзынағаш маңында да көліктер кептелісте тұр. Құзырлы орган өкілдері жолдың қауіпсіздігіне байланысты жол жоқ деп блок-бекеттер қойған. Десе де, кей тұрғындар себебін айтып, өткізуін сұрап жатыр.

– Жол жоқ. Кері қайтып келе жатырмыз. Пойыздар да 15 сағат кешігіп жатыр, – деді жолушы.

Қозғалыс қиындаған бекеттен жедел жәрдем көлігінің өзі әрең өтіп жатыр. Әуеден түсірілген кадрден ұзын-сонар кезектің кесірінен жол қозғалысының тежеліп тұрғанын көруге болады. Құзырлы орган өкілдері қауіпсіздік үшін қазір жолды ашуға рұқсат жоқ екенін айтты.

– Жамбыл облысында ауа райының қолайсыздағына байланысты жол жабық. Алматы-Бішкек тасжолының бойындағы 59, 61 және 143-шақырымында блок-бекет қойылған, – деді Полиция департаменті Алматы-Бішкек тасжолының взвод командирі Мақсат Өмірбаев.

– Қазір тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Ауа райының қолайсыздығына байланысты боран соғып, қар жолды басып қалған. Сонымен қатар жолда қатып қалған көліктердің кесірінен қарды күреу қиынға соғып жатыр. Сондықтан тазалау жұмыстары кешеуілдегені рас. Жолаушылардың уақытша қиындықтарға сабыр етіп, күтуін сұраймыз, – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Нұржан Таңатаров

Сонымен қатар «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілдері Қордай асуында жол тазалауға 60 жұмысшы, 50 шақты арнайы техника жұмылдырылғанын айтты.

Әлібек Шынтемір, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қолайсыз ауа райы: Жамбыл облысында төтенше жағдай жарияланды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир